Астанада бірнеше ай бойы бұрынғы серіктесін заңсыз қудалаған ер адамға қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Астана прокуратурасының мәліметінше, елорда тұрғыны төрт ай бойы әйелге қоңырау шалып, хабарлама жіберіп, оның тұрғылықты жеріне келіп, үйінің жанында күтіп тұрып, балағаттаған. Мұның бәрі қорғау нұсқамасына қарамастан жасалған. Нәтижесінде жәбірленуші өзі мен кәмелетке толмаған қызы үшін үнемі қорқынышта болды, оның жеке қауіпсіздік пен қарым-қатынас еркіндігіне құқығы бұзылды.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдеді. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындады. Үкім заңды күшіне енді, деп хабарлады прокуратура.
Астана прокуратурасы сталкинг, яғни адамды оның еркіне қарсы, зорлық-зомбылықсыз, бірақ елеулі зиян келтірген байланыс орнатуға және/немесе аңдуға бағытталған әрекеттер арқылы заңсыз қудалау 50 тәулікке дейін қамауға алуға дейінгі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.


