Астанадағы ашық тұрақта бес жеңіл көлікті жойған өрттің алдын ала себебі — бір көліктің электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне елордалық полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Бұған дейін Астанадағы тұрақта бес көлік өртеніп, өрт салдарынан сол көліктердің екеуінің иесі болып табылатын ер адам зардап шеккені хабарланған болатын.
Оқиғаның себебін анықтау үшін NUR.KZ тілшісі Астана полиция департаментіне сұрау жолдады.
«Алдын ала деректерге сәйкес, бір көлікте электр сымдары қысқа тұйықталып, салдарынан өрт шыққан. Өрттен төрт көлік толығымен жанып кетті, тағы біреуі ішінара зақымданды. Бір адам қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиғаның барлық мән-жайы, өрттің шығу себептері және келтірілген шығын мөлшері анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі», — делінген хабарламада.
Еске салайық, 6 қазанда Астанада өрт сөндірушілер бес жеңіл көліктің өртін сөндірді. Көліктер Сарайшық ауданындағы тұрғын үй кешенінің жанындағы ашық тұрақта тұтанған.
«Алғашқы өрт бөлімшелері жеткенде барлық көлік ашық жалынмен өртеніп жатқан. Қатты желдің салдарынан от қасында тұрған көліктерге тез тарады», — деп хабарлады ТЖМ.


