Астанада базардағы сатушыларды жалған төлем чектерін көрсетіп алдаған 34 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Күдікті әдейі сауда нүктелерін аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде көрсеткен. Көкөніс пен жеміс таңдап алып, мобильді қосымша арқылы ақша аударған болып, содан кейін жалған чек көрсеткен. Сатушылар ақша шотқа түсті деп ойлап, тауарды берген.
Бұл оның алаяқтық әрекетінің алғашқы эпизоды емес екені анықталды. Бұған дейін де күдікті осы тәсілмен бірнеше сатушыны алдаған. Қазір оның басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция сатушылар мен кәсіпкерлерге ақшаның банк шотына нақты түскендігі расталмайынша, сатып алушыға тауарды бермеуге кеңес береді.
«Егер сіз осы азаматтың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен болсаңыз немесе осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу «102» каналы арқылы хабарлаңыз немесе жақын маңдағы полиция бөліміне жүгініңіз», — деді полиция қызметкерлері қазақстандықтарға.


