Елорда тұрғындары жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды қашықтан тапсыра алады. Жаңа формат алғаш рет жүргізуші куәлігін алатындар үшін пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, бұл қызметті Астанада тұрақты тіркеуі бар азаматтар пайдалана алады. Тестілеуге жіберілу үшін автошколаны бітіргені туралы куәлік, медициналық анықтама болуы және белгіленген талаптарға сай болуы қажет.
«Емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған 40 минут беріледі. Сәтті тапсыру үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек», — делінген ведомство хабарламасында.
Тестілеу күн сайын 09:00-ден 20:00-ге дейін қолжетімді. Емтихан процесінің әділ әрі ашық болуын қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі қарастырылған. Ол кандидаттың жеке басын сәйкестендіруді, бейне- және аудиобақылауды, сондай-ақ экран жазбасын қамтиды. Анықталған барлық бұзушылықтар жүйеде тіркеледі.
Емтихан тапсыру үшін веб-камерасы мен микрофоны бар компьютер немесе ноутбук, қосымша камера ретінде смартфон және тұрақты интернет байланысы қажет.
Теориялық емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін кандидат белгіленген тәртіппен практикалық емтиханға жазыла алады. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарында теорияны дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігі де сақталады.
ІІМ пилоттық жоба мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және емтихан процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын түсіндірді.


