Астана тұрғыны астаналық сауда орталықтарының бірінде орналасқан контактілі хайуанаттар бағындағы жануарларды ұстау жағдайына назар аударды. Тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталып, қорғауға алынған жануар – жойылып бара жатқан Testudo түріне жататын Орталық Азия құрлық тасбақасы табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғынының шағымынан кейін белгі түскен: контактілі хайуанаттар бағының келушілері жануарлармен тікелей араласа алатын болған. Өтініш бойынша полиция қызметкерлері табиғатты қорғау қорының өкілдерімен бірлесіп тексеру жүргізді.

«Осы өтініш бойынша полиция қызметкерлері табиғатты қорғау қорының өкілдерімен бірлесіп тексеру жүргізді. Тексеру барысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманың бұзылғаны анықталды. Хайуанаттар бағының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полицияда.

Сонымен қатар, тексеру кезінде жойылып бара жатқан түрлерге жататын Орталық Азия құрлық тасбақасының (Testudo) ұсталғаны анықталды.

«Бұл факт Сарыарқа ауданының полиция басқармасында тіркелді. Тасбақа қажетті тексеруден өткізу үшін алынып, кейіннен одан әрі ұстау, күтім жасау және қалпына келтіру үшін мамандандырылған оңалту орталығына берілді. Хайуанаттар бағының ұйымдастырушысына анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізілді», – деп қосты полицияда.

Азаматтарға жануарлардың әл-ауқатына нұқсан келтіре отырып, ойын-сауық нысанына айналмауы керектігі еске салынды. Қазақстан заңнамасына сәйкес жануарларды келушілердің олармен физикалық байланысын көздейтін мәдени-ойын-сауық мақсатында, оның ішінде коммерциялық негізде пайдалануға тыйым салынады.