Атырауда ер адам көпқабатты үйдің екінші қабатына орнатылған кондиционерге мініп алған. Әлеуметтік желіде бейнежазба тараған соң оның қылмыстық іс бойынша күдікті екені анықталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ер адамның кондиционердің сыртқы блогында отырғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде, атап айтқанда Instagram-дағы atyrauvibe паблигінде жарияланды.
Облыстық полиция департаментінің нақтылауынша, оқиға 6 қазан күні кешке болған. Ведомствоның дерегінше, ер адам қыркүйек айында-ақ қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған, бірақ шақыртуларға қарамастан полицияға келуден жалтарған. Қазіргі таңда ол полиция бөліміне жеткізілді.
Ведомство түсіндіргендей, күдікті танысымен болған жанжалдан кейін сыбайластарымен бірге оған суық қару қолданып, дене жарақатын келтірген.
Соттың жеке қаулысына сәйкес, ер адамның әрекеттеріне құқықтық баға беру тапсырылған. Қазір тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция азаматтарды жалған және тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырды.


