Атырауда тұрғындар шағымданған сасық иіс пен лас ауаның себептері әлі де анықталып жатыр. Қыркүйек айының басында жекелеген мониторинг бекеттерінде күкіртсутектің жоғары концентрациясы тіркелді. Экология министрлігі ластанудың негізгі көздерін атап, жоспардан тыс тексеру туралы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Қалада күкіртсутек бойынша шектен асу деректері тіркелуде. Министрліктегілер қаладағы күкіртсутектің концентрациясы әлсіз желде және түнде, ластаушы заттар нашар тараған кезде артатынын түсіндірді.
Ластанудың негізгі көздері ретінде Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның кәріз нысандары, «Квадрат» буландыру алаңы, жылыту қазандықтары мен ЖЭО аталды.
8 қыркүйекте Атырау облысы бойынша экология департаменті атмосфералық ауаның сапасына жоспардан тыс тексеру бастады.
Ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған мониторинг жүйелері орнатылған. Олар шығарындылар туралы деректерді қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жағдайы туралы ұлттық деректер банкіне жібереді.
«Үздік қолжетімді техникаларды, кәсіпорындардағы автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді», — делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Ведомство сондай-ақ шығарындыларды қысқарту және жүйелерді жаңғырту жөніндегі шаралар туралы мәлімдеді.
Бұған дейін Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов шұғыл аппараттық жиналыс өткізіп, мұнай астанасындағы экологиялық ахуалдың сын шегіне жеткенін ресми түрде мойындады. Өңір басшысы зауыттарды тексеруді тапсырды.
Бұрын «Курсив» Атырау мұнай өңдеу зауыты қаңтардағы шығарындылары үшін 520 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатын.


