Тұрғындардың ауа сапасына қатысты шағымдарынан кейін экология мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында экологиялық талаптардың бірқатар бұзылғанын анықтады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Экология министрлігінің сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары кәсіпорында ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғыларының жекелеген технологиялық пештері, сондай-ақ баяу кокстеу қондырғысының резервуарлары үшін шығарындылар есебі жүргізілмегенін және рұқсат етілген шығарындылар нормативтері айқындалмағанын анықтады.
«2026 жылғы 25 тамызда және 2-7 қыркүйек аралығында КУПС (күкірт өндіретін біріктірілген қондырғы) мен УКК (каталитикалық крекинг қондырғысы) апаттық жағдайларға байланысты факел қондырғысына газды апаттық түрде тастағаны белгілі болды. Аталған кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асты. Сондай-ақ жоспардан тыс тоқтап қалулар мен жөндеу жұмыстары тіркелді», — деп хабарлады министрлікте.
Бұдан бөлек, өнеркәсіптік шығарындыларды аспаптық бақылау барысында мына өндірістік нысандардың жекелеген көздерінде көміртек оксиді, азот оксиді мен диоксидінің белгіленген шығарынды нормативтерінен асып кетуі тіркелді: катализаторды үздіксіз қалпына келтіретін CCR каталитикалық риформинг қондырғысы (бензолды бөліп алу блогымен бірге, хош иісті көмірсутектер өндірісінің құрамында); ПТиЭЭ (жылу және электр энергиясын өндіру); жеңіл бензиндерді изомерлеу қондырғысы КУГБД-2 (№2 бензин мен дизель отынын гидротазалаудың біріктірілген қондырғысы), 3211 титулы.
«Тексеру барысында эмиссияларды автоматты түрде мониторингілеу жүйесінің жұмысына қойылатын талаптардың бұзылғаны, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңдерінде стационарлық көздерден шығарындыларды азайту жөніндегі іс-шаралардың орындалмағаны анықталды», — деп қосты ведомство.
ҚР ӘҚБтК-нің 759-бабына сәйкес, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғау жөніндегі шешімдер прокурормен келісілуге тиіс.
«2026 жылғы 1 қазанда әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғау жөніндегі шешімдер прокурормен келісілді. Іс материалдары қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», — деді Экология министрлігінде.
Сонымен қатар тексеру материалдары қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау және тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.


