Атырауда мұрындағы полипті жоспарлы түрде алу операциясы қайғылы жағдаймен аяқталды: 16 жастағы оқушы қыз көз жұмды. Ота жасалған соң қыздың жағдайы күрт нашарлап, шамамен бір сағаттан кейін ол реанимация бөлімшесіне ауыстырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Ақ Жайық» басылымының дерегінше, оқушы қыз Атырау облыстық балалар ауруханасына мұрындағы полипті алу үшін жоспарлы отаға түскен. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ота жасаған хирург қыздың мұрнына әдетте бір тәулікке қалдырылатын тампон қойылғанын айтқан.
Сол жазбадағы анестезиолог дәрігер тампонның бар екенін білмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бір сәтте науқас өз бетімен тыныс алуды тоқтатқан.
«Тампонның жылжығанын байқамадым. Ол тыныс алуды тоқтатты. Тексеріп көргенде оң жағынан тыныс жоқ екені анықталды. Кейін оны рентген арқылы анықтадық», — дейді дәрігер.
Медиктердің әңгімесінен отадан кейінгі кезеңде тампонның орналасуына және тыныс алудың бұзылуына байланысты мәселе туындағаны байқалады. Реаниматолог дәрігер тампонның уақытында алынғанын хабарлады. Одан кейін қыз тағы 18 күн реанимацияда жатып, қарқынды ем қабылдады. Емге қарамастан, оның жағдайы одан әрі нашарлай берді. Соның салдарынан ол көз жұмды.
Оқушы қыздың ата-анасы қайғылы жағдай медицина қызметкерлерінің әрекетінен болуы мүмкін деп есептеп, отадан кейінгі алғашқы сағаттарда нақты не болғанын, балаға көмектің қаншалықты уақытында көрсетілгенін және туындаған асқыну кейінгі қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін болғанын анықтауды талап етіп отыр.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, болған жағдай бойынша арнайы комиссия құрылып жатқанын хабарлады.
«Аталған ота техникалық тұрғыдан күрделі әрі жоғары дәлдікті қажет ететін хирургиялық араласуларға жатады. Мұндай оталарды жасау кезінде, сондай-ақ отадан кейінгі кезеңде медициналық тәжірибеде белгілі кейбір тәуекелдер мен асқынулардың туындау ықтималдығын толық жоққа шығару мүмкін емес. Отадан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым шұғыл және қарқынды емдеу шараларын толық көлемде жүргізді. Сонымен қатар тиісті бейінді мамандар мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды», — деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Басқарманың мәліметінше, комиссия болған жағдайдың мән-жайын, көрсетілген медициналық көмектің уақытылы әрі сапалы болғанын, сондай-ақ отадан кейін туындаған асқынулардың себептерін зерделеуі тиіс. Объективті қорытынды дайындау үшін медициналық құжаттаманы тәуелсіз бейінді мамандардың қатысуымен зерттеу жоспарланып отыр.
«Тексеру мен сараптама шаралары толық аяқталғанша қандай да бір алдын ала тұжырым жасауға негіз жоқ. Науқас туралы егжей-тегжейлі медициналық ақпарат дәрігерлік құпияны сақтау және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкес жария етілмейді», — деді ведомствода.
Оқушы қыз биыл 11-сыныпқа баруы тиіс еді. Ол отбасындағы үлкен бала болатын.


