Атырауда мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалтуға және олардың күнделікті өмірде дербестігін арттыруға арналған Есболат Балбаев атындағы «Тәуелсіздікке бір қадам» форумы өтті. Іс-шараны Biz de adambyz қоғамдық қоры ұйымдастырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Форумның негізгі тақырыбы — оңалту барысында өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру. Қатысушылар мұндай жұмысты оңалтудың бірінші кезеңінен бастаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тәсіл адамның дене мүмкіндіктерін қалпына келтірумен қатар, оған тұрмыста дербес әрекет етуге мүмкіндік береді.

Панельдік сессия барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, оңалту жүйесін жетілдіру және адамдардың тәуелсіз өмір сүруіне жағдай жасау жолдарын талқылады. Практикалық бөлімде үш интерактивті аймақ ұйымдастырылып, онда өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын оңалту бағдарламаларына енгізу тәжірибесі ұсынылды.

Biz de adambyz қоғамдық қорының нұсқаушысы Жасұлан Қабдоловтың айтуынша, оңалту адамның дене мүмкіндіктерін қалпына келтірумен шектелмеуі керек — ол оның дербестігін арттыруға бағытталуы тиіс. Форум осы бағыттағы тәжірибелермен алмасуға және оңалту жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауға мүмкіндік берді.

2021 жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Biz de adambyz қоры «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында арбамен жүретін адамдарға тәуелсіз өмір дағдылары үйретіледі. Бүгінге дейін мүгедектігі бар адамдар мен еріктілерге арналған 13 лагерь өткізіліп, оған 100-ден астам арбамен жүретін адам және 100-ден астам ерікті қатысты.

Сонымен қатар жоба аясында инсульт алған адамдарды қолдауға арналған кешенді іс-шаралар, спорттық және мәдени бағдарламалар, сондай-ақ жаңа кәсіпті меңгеруге арналған қысқа мерзімді курстар өткізіледі.