Атырауда ер адам өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қолы мен аяғынан айырылып, бір жарым жылдан астам уақыт бойы кәсіпорыннан өтемақы ала алмай жүр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Almaty TV телеарнасына Галымжан Мейрамбек айтқандай, оқиға 2025 жылдың қаңтарында болған. Кезекті жұмыс ауысымы кезінде ол вагондардың арасында қысылып қалған. Өндірістік жарақат салдарынан ер адам қолы мен аяғынан айырылды. Содан бері ол тек мүгедектер арбасымен қозғала алады.

Зардап шегушінің айтуынша, кәсіпорын басшылығы әуелде барлық шығынды өтеп, қажетті көмек көрсетуге уәде берген, алайда кейін өз уәдесін орындаудан бас тартқан. Ер адам тиісті өтемақыны өндіріп алуды талап етуде. Ол жазатайым оқиға зауыттағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан жұмыс берушінің кінәсінен болды деп санайды.

«17 вагонға арналған орынға 25 вагон қойылды. Маршруттар дұрыс жасалмады, қауіпсіздік шаралары сақталмады, соның салдарынан мен екінші топтағы мүгедек болып қалдым. Компания басшылығы маған алғашында: "Біз сені тастамаймыз, көмектесеміз, қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз" деп берік уәде берді. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Барлық протезді және т.б. өзім сатып алып жатырмын. Осылай бола ма?» — деді қала тұрғыны Мейрамбек Галымжан.

Зардап шегушінің адвокатының айтуынша, сот отырыстары барысында жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденген. Алайда зауытта бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

«Барлық дәлелді сотқа қарауға ұсындық. Олар толық расталды. Бірінші сатыдағы сот жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп шешім шығарды. Екінші тарап өз құқығын пайдаланып, әрине, апелляциялық шағым берді. Қазір сол шағым бойынша әділ шешім күтіп отырмыз», — деп түсіндірді адвокат Нұржанат Абуова.

Ұйым басшылығы жағдайды түсіндіруден бас тартты. Айта кетейік, сот шешіміне дейін тергеуді еңбек инспекциясы жүргізген. Инспекция қорытындысы бойынша, жұмысшының өзі де ауысымда қателік жіберген.

«Қаңтар-ақпан айларында арнайы комиссия құрылып, тергеу жүргізді. Сонда жұмысшының кінәсі 70 пайыз деп белгіленді. Алайда мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен бұл қорытынды жойылып, жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталды», — деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Кемел Имангалиев.

Енді тағы бір сот отырысы өтеді. Галымжан Мейрамбектің айтуынша, ол соңына дейін күресіп, әділдікке жетуді көздеп отыр.