Қостанай облысында бірнеше рет сотталған ер адам қайтадан сот төріне тартылып, тағы да жазаға тартылды — бұл жолы ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Әулиекөл аудандық соты тұрғын үйге, қоймаға және көлік құралына заңсыз кіріп, бірнеше рет ұрлық жасаған айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігі, 2 және 3-тармақтары).

Сот анықтағандай, айыпталушы 2026 жылғы 23 мамыр мен 7 маусым аралығында Әулиекөл ауылында тұрғын үйге, гаражға, қоймаға және көлік құралына заңсыз кіріп, бірнеше рет ұрлық жасаған. Салдарынан жәбірленушілерге жалпы сомасы 670 400 теңге шығын келтірілген.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы ер адамға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы кінәсін толық мойындады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламалы жазаларды — екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның шын жүректен өкінуін және кінәсін толық мойындауын ескерді. Қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде сот қылмыстардың қайталануын таныды.

Жасалған әрекеттердің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, оның ішінде бұрын бірнеше рет сотталған айыпталушының жеке басын ескере отырып, сот оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сондай-ақ сотталған адамнан келтірілген материалдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.