Үйсін Төле бидің Қалманбет деген ұста қоңшысы болыпты. Төленің үйінің сыртында табиғи өсіп тұрған қисық қайыңды кесіп алып, өзіне ер соғып алады. Ер біткен соң, әдемілігіне қызыққан Төле би:

— Иә, Қалмамбет, бұл ер менікі болады. Себебі бұл қайың менің үйімнің сыртында өскен, көп болғанда істеген ақыңды аласың, — дейді.

Қалмамбет:

— Дүниенің жүзінде қисық қайың жалғыз осы ма? Ұнатқан ағашты кес те, ер жасап ал, бұл ерді бермеймін, —  деп шалқаяды.

Ерді өзінше ала алмайтынына көзі жеткен Төле:

— Онда мына қоңсылас отырған Кіші жүз еліне барып төрелесейік, — деп екеуі аттарына мініп, ерді қанжығаға байлап алып жолға шығады. Былай шыққан соң Төле би: «ойпырым-ай, бір ер үшін жүз асып төрелікке барғаным жөн болмас, жол-жөнекей ұшырасқан адамның төрелігімен-ақ бітісейін» деген оймен:

— Уа, Қалмамбет, анау алдымызда көрінетін көп қара Кіші жүздің жайылып жатқан малы болса керек. Сол малдың ішінде қандай да бір адам бар шығар. Сол адамға барып төрелесек, сен тұрасың ба? — дейді.

— Сіз тұрсаңыз, мен тұрдым, — деп жауап береді. Сөйтіп, бұлар жайылып жатқан үйір-үйір жылқының ішіне келсе, мал бағып жүрген жайдақ тайға мінген бір бала екен. Бала тайынан түсіп келіп, жасы үлкен адамдарға сәлем береді.

Сәлемнен кейін Төле мен Қалмамбет:

— Мына ерге таласып келеміз. Жөні осылай-осылай, —  деп жасырмай барлық жағдайды айтып, өздерімен таныстырып өтеді.

Бала:

— Екеуіңіз де әкемдей үлкен кісілерсіздер. Төрелік біреуіңіздің пайдаңызға шешілсе, екіншіңіздің көңіліңіз қалып қояды. Мені қойып мына тұрған ауылға барып өздеріңіз қатарлы адамға төрелесіңіздер, — деп бала жуытпайды.

Баланың кішіпейіл, ақылды сөзі таңғалдырып:

— Қарағым, «қой асығы демеңіз, қолға жақсы сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе, атадай» деген, өзіңе тұрдық, айт төрелігіңді, — деп жатып жабысады. Жабысып болмаған соң бала:

— Олай болса, екеулеріңіз де тымақтарыңыз бен қамшыларыңызды беріңіздер. Аузыма түскенімді айтайын, —  дейді. Қамшы пен тымақтарын алып, екеуінің қамшысын екі жағына шаншып, ортасына жаңағы ерді қояды. Сонан соң:

— Қапталың — қайың, қасың — тал,
Қалмамбет соққан бір ерсің.
Үйсіннен шыққан Төлесің,
Адамсып жүрген немесің.
Қасыңдағы көршіңмен
Қу ағашқа таласып,
Не бетіңмен келесің?
Нәпсіңе беріп ерікті
Өтірікке жан берсең,
Зәузатыңмен күйесің, —

деп ерді лақтырып тастап, бала тайына мініп, малын қайыруға тартып отырады.

Төреліктен жеңілген Төле би бетініп қалып, төрелігімен таңғалдырған баланың аты-жөнін білуге артынан барып сұрағанда, ол:

— Атым — Әйтеке, руым — әлім, Алшын атаның баласы боламын, — деп жауап береді.

Міне, сол күннен бастап Кіші жүз алшыннан шыққан Әйтеке би ұлы жүздің Төле биінің, орта жүзде қаз дауысты Қазыбек бидің қатарына ілесіп, атақты би болған.