- 17 қаң. 2020 00:00
- 242
Әйтеке би туралы аңыз
Үйсін Төле бидің Қалманбет деген ұста қоңшысы болыпты. Төленің үйінің сыртында табиғи өсіп тұрған қисық қайыңды кесіп алып, өзіне ер соғып алады. Ер біткен соң, әдемілігіне қызыққан Төле би:
— Иә, Қалмамбет, бұл ер менікі болады. Себебі бұл қайың менің үйімнің сыртында өскен, көп болғанда істеген ақыңды аласың, — дейді.
Қалмамбет:
— Дүниенің жүзінде қисық қайың жалғыз осы ма? Ұнатқан ағашты кес те, ер жасап ал, бұл ерді бермеймін, — деп шалқаяды.
Ерді өзінше ала алмайтынына көзі жеткен Төле:
— Онда мына қоңсылас отырған Кіші жүз еліне барып төрелесейік, — деп екеуі аттарына мініп, ерді қанжығаға байлап алып жолға шығады. Былай шыққан соң Төле би: «ойпырым-ай, бір ер үшін жүз асып төрелікке барғаным жөн болмас, жол-жөнекей ұшырасқан адамның төрелігімен-ақ бітісейін» деген оймен:
— Уа, Қалмамбет, анау алдымызда көрінетін көп қара Кіші жүздің жайылып жатқан малы болса керек. Сол малдың ішінде қандай да бір адам бар шығар. Сол адамға барып төрелесек, сен тұрасың ба? — дейді.
— Сіз тұрсаңыз, мен тұрдым, — деп жауап береді. Сөйтіп, бұлар жайылып жатқан үйір-үйір жылқының ішіне келсе, мал бағып жүрген жайдақ тайға мінген бір бала екен. Бала тайынан түсіп келіп, жасы үлкен адамдарға сәлем береді.
Сәлемнен кейін Төле мен Қалмамбет:
— Мына ерге таласып келеміз. Жөні осылай-осылай, — деп жасырмай барлық жағдайды айтып, өздерімен таныстырып өтеді.
Бала:
— Екеуіңіз де әкемдей үлкен кісілерсіздер. Төрелік біреуіңіздің пайдаңызға шешілсе, екіншіңіздің көңіліңіз қалып қояды. Мені қойып мына тұрған ауылға барып өздеріңіз қатарлы адамға төрелесіңіздер, — деп бала жуытпайды.
Баланың кішіпейіл, ақылды сөзі таңғалдырып:
— Қарағым, «қой асығы демеңіз, қолға жақсы сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе, атадай» деген, өзіңе тұрдық, айт төрелігіңді, — деп жатып жабысады. Жабысып болмаған соң бала:
— Олай болса, екеулеріңіз де тымақтарыңыз бен қамшыларыңызды беріңіздер. Аузыма түскенімді айтайын, — дейді. Қамшы пен тымақтарын алып, екеуінің қамшысын екі жағына шаншып, ортасына жаңағы ерді қояды. Сонан соң:
— Қапталың — қайың, қасың — тал,
Қалмамбет соққан бір ерсің.
Үйсіннен шыққан Төлесің,
Адамсып жүрген немесің.
Қасыңдағы көршіңмен
Қу ағашқа таласып,
Не бетіңмен келесің?
Нәпсіңе беріп ерікті
Өтірікке жан берсең,
Зәузатыңмен күйесің, —
деп ерді лақтырып тастап, бала тайына мініп, малын қайыруға тартып отырады.
Төреліктен жеңілген Төле би бетініп қалып, төрелігімен таңғалдырған баланың аты-жөнін білуге артынан барып сұрағанда, ол:
— Атым — Әйтеке, руым — әлім, Алшын атаның баласы боламын, — деп жауап береді.
Міне, сол күннен бастап Кіші жүз алшыннан шыққан Әйтеке би ұлы жүздің Төле биінің, орта жүзде қаз дауысты Қазыбек бидің қатарына ілесіп, атақты би болған.