Қазақстандықтарды әлеуметтік желілер арқылы заңсыз әлеуметтік төлемдер алу схемаларына барған сайын тартып жатыр: азаматтарға жалған жұмысқа орналасу, әлеуметтік аударымдарды жасанды түрде көбейту немесе жұмысы бар бола тұра жұмыссыз мәртебесін рәсімдеу ұсынылады. 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде заңсыз төлемдер алу фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалып, оның жетеуі сот үкімімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, бес өңірде осындай істер бойынша жеті сот үкімі шығарылды. Тергеу барысында азаматтарды әлеуметтік желілердегі хабарландырулар мен ұсыныстар арқылы заңсыз төлемдер алу схемаларына тарту фактілері анықталды.

Ведомство ерекше атап өтті: әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін азаматтарға делдалдарға жүгінудің немесе үшінші тұлғаларға ақы төлеудің қажеті жоқ. Шешімді заңда көзделген шарттар мен ұсынылған мәліметтер негізінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қабылдайды.

Министрлік төлем алу үшін жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу немесе дұрыс емес мәліметтер беру туралы ұсыныстарға келіспеуге шақырады.

«Әлеуметтік төлемді заңсыз алғаны анықталса, қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады, ал көрінеу жалған мәліметтерді қасақана беру заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін», — деп ескертті министрлікте.

Сонымен қатар азаматтарға жеке куәлік, банк картасының деректерін және құпия банктік ақпаратты, SMS-кодтарды, электрондық цифрлық қолтаңбаға қатысты мәліметтерді және басқа да дербес деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес беріледі.

Бұдан бөлек, «төлемді кепілді түрде рәсімдеп беремін», «оны алуды жылдамдатамын» немесе «төлемді ұзартамын» деп уәде еткендердің қызметіне ақы төлеудің қажеті жоқ.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында 1 млн 64 мың адам әлеуметтік төлем алды. Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 527 млрд теңгені құрады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша төлемдерді көздейді: еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмыстан айырылу, жүктілік және босану, жаңа туған нәрестені асырап алу, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі баланы күтуге байланысты табыстан айырылу.

Төлемдерді тағайындау шарттары мен тәртібін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының және eGov ресми ресурстары арқылы тексеруге болады. Қосымша сұрақтар бойынша 1414 Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.

Бұған дейін мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар қазақстандықтарға жасанды интеллект көмегімен тағайындалатыны хабарланған болатын.