Жапония қабылдап отырған 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында Қазақстанның жүзу құрамасы екінші жарыс күнін өткізді: дүйсенбіде қазақстандық спортшылар үш финалда жүлде үшін сынға түсіп, екеуі үздіктердің сегіздігіне енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2024 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Ксения Игнатова баттерфляй, арқамен жүзу, брасс және еркін стильді қамтитын 200 метрге кешенді жүзуде сегізінші болып мәреге жетті. Оның уақыты — 2 минут 16,13 секунд. Бұл бағдарламада жеңісті Азияның жаңа рекордын орнатқан Қытайдың 13 жастағы өкілі Юй Цзыди иеленді — 2 минут 6,1 секунд.

50 метрге арқамен жүзуде де Игнатова сегізінші орынды иеленіп, 28,55 секунд нәтиже көрсетті.

Глеб Коваленя 50 метрге еркін стильде жапондық Шуей Мацумотомен 7-8 орынды бөлісті: екеуі де қашықтықты 22,17 секундта жүзіп өтті. Олимпиада-2024 қатысушысы Әділбек Мусин осы дисциплинада іріктеуде 18-орын алып, финалға өте алмады.

Тағы бір қазақстандық жүзгіш Александр Румынский 50 метрге арқамен жүзуде алдын ала кезеңде 21-нәтиже көрсетіп, жарыстан шығып қалды.

Софья Абубакирова Игнатовамен бірге 50 метрге арқамен жүзуде өнер көрсетті, бірақ финалға өтпеді: алдын ала жүзулер қорытындысы бойынша спортшы 15-орын алды.

Айбат Мырзамұратов 100 метрге брасспен жүзуде іріктеуде 12-нәтиже көрсетіп, финалға резервке енді, алайда шешуші жүзуде сынға түспеді.

Қазақстанның ерлер құрамасы 4х200 метрге еркін стильдегі эстафетада да алдын ала кезеңде тоқтады. Максим Клименко, Максим Сказобцов, Александр Румынский және Фёдор Диденкодан құралған команда алғашқы ондықты түйіндеді.