Азияның ең бай адамдарының бірі Джек Маның жетістікке жету тарихы
Біз қытайлық кәсіпкер Джек Маның өмірбаянымен таныстырмақпыз. Ол мектеп пен университет емтихандарынан бірнеше рет құлаған. Жұмысқа орналасу үшін барған, әңгімелесулерден өте алмаған. Бірақ нәтижесінде Alibaba Group-тің негізін қалап, әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылған.
Джек Ма - қытайлық кәсіпкер және филантроп. Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы. Қазіргі уақытта директорлар кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ әлемдік Forbes журналының мұқабасына шыққан тұңғыш қытайлық бизнесмен. 2017 жылы Bloomberg компаниясының мәліметі бойынша Джек Маның жеке байлығы $46 миллиард құрап, әлемде 14-ші бай азамат ретінде тіркелді.
Джек Ма балалық шағы. Университет оқытушысы
Джек Ма 1964 жылы 10-қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу өлкесінде дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым музыканттар болған. Отбасында үш баланың ортаншысы: ағасы мен қарындасы бар. Джек Маның шын аты – Ма Юн.
Ма Юн кішкентай кезінен алдына мақсат қойғыш, басқа балаларға ұқсамайтын болған. 12 жасында ол ағылшын тіліне қызығып, үйренемін деп алдына мақсат қояды. Бұл үшін тіл үйренудің өзгеше әрі тиімді тәсілін таңдайды. 9 жыл күнде таңертең Юн велосипедпен, үйден 40 минут алыста орналасқан қонақ үйге шетелдіктермен сөйлесу үшін барған. Ауа райы қандай болса да, қар, жаңбыр жауса да, ол Юн-ге кедергі болмаған. Сондай-ақ ол радиодан ағылшын тіліндегі бағдарламаларды тыңдап, мақсатына жету үшін тырысқан.
Ағылшын тілін жетілдіру мақсатында ол, туристтерге Ханчжоу қаласын аралатып, тегін экскурсия жасаған. Сол туристтердің бірі оны – «Джек» деп атап кеткен. Бұл есім бүгінде Ма Юннің шын атындай айтылып, бизнес саласында «Джек Ма» болып танылды.
Шетелдіктермен араласу арқылы оның ой-пікірі өзгеріп, әлем жайлы кеңірек ойлай бастаған. Өзінің айтуынша, туристтерден ата-анасы мен мектептен естімеген, мүлдем басқа нәрселерді білген. Бұл оның өзі қатарлас балаларға қарағанда өзгеше ойлауына әсер еткен.
1979 жылы 15 жасар Джек Қытайға қыдырып келген, австралиялық отбасымен танысты. Бірнеше күн балаларымен бірге фрисби ойнады. Ал олар Австаралияға қайтқанда хат жазысып тұрған. 1985 жылы олар Джекті қонаққа шақырып, жас жігіттің бұл сапары Қытай жайлы көзқарасын өзгерткен. Кәсіпкердің сөзінше, Қытай – ең бай әрі бақуатты ел деп оқытқан, ал шетелде ол бәрі керісінше екенін түсінген.
Болашақ кәсіпкер ағылшын тілінен жақсы болғанымен, сабақты нашар оқыған. Бастауыш сыныптағы тестті үш рет, жоғары сыныптағы емтиханды төрт рет тапсырған. Ма сыныптастарының арасында танымал болмады. Кейбіреулер оны мазақтап күлгенде, бұның соңы төбелеспен аяқталған. Бойының кішкентайлығы мен дене бітімінің арықтығына қарамастан, қарсыласы қандай мықты болса да, өз-өзін қорғай алатын болған.
Мектепті бітірген соң, өзімен қатарлас түлектермен бірге емтихан тапсырады. Емтихан аты - Gaokao тест. Біздіңше, ҰБТ. Гаокао – әлемдегі ең қиын емтихандардың бірі ретінде танылған. Қытайда ЖОО түскісі келген әрбір түлек міндеттті түрде осы тестті тапсырады. Джек те бағын сынап көреді. Алайда ол математика пәнінен 120 сұрақтың тек біреуіне ғана дұрыс жауап береді. Жалпы баллды есептегенде жинаған баллы тым аз еді. Сондықтан ол оқуға түсе алмайды. Джек қайтпайды. Ол жұмыс істеп жүріп, оқуға тағы дайындалуды ұйғарады. Алайда Джекке тек оқуға түсу ғана емес, жұмысқа орналасу да қиын болған. Қандай да бір жұмыс орнына барса да, мейлі қара жұмыс болсын, оны жұмысқа алмаған. Тіпті KFC- ге де. Бұл кездері жайлы қазіргі уақытта өзі күле отырып еске алады.
«Мені жұмысқа алудан 30–дан аса рет бас тартты. Әңгімелесуге (жұмысқа орналасу үшін) барғанымда, маған «сен-жарамайсың» деді. Мен тіпті KFC-ге де бардым. KFC алғаш Қытайға келгенінде, 24 адам бардық. Соның 23-і қызметке қабылданып, тек бір адам қабылданбады. Бұл -мен болдым. Сосын жұмыс іздеп басқа жерге бардым. 5 адам бардық, тек біреуін жұмысқа алмады. Қабылданбаған жалғыз адам - мен болдым», - дейді Ма Юн. Ол - жеткізіп беруші (курьер) болып жұмысқа орналасқан. Джек жұмыс істей жүріп, емтиханға дайындығын жалғастыра берді. Келесі жылы тағы да тест тапсырады. Бұл жолы математикадан 120 сұрақтың, 19-ына дұрыс жауап жазды. Жалпы баллды естептегенде, жинаған ұпайы тағы да төмен болып, оқуға түсе алмайды. Өміріндегі бұл сәтсіздіктері Джекті еш жасытпаған. Керісінше, ол дайындығын бұрынғыдан да арттырып, әр жексенбі күні таңнан кешке дейін тестке дайындалуды әдетке айналдырады. Математикада «тестте келеді-ау» деген формулалар мен дәрежелерді жаттаған. Уақыт зымырап өтіп, ол үшінші жылы тест тапсырды. Бұл жолы математикадан 120 сұрақтың 89-ына дұрыс жауап жазған. Жалпы баллды есептегенде де баллы стандартты баллдан сәл ғана төмен еді. Джек Қытайдағы аты аңызға айналған университтердің біріне түскісі келген. Бірақ оған баллы жетпегендіктен, ол Ханчжоудағы университтердің біріне тапсырған. Сондай-ақ ата-анасы да ұлдарының қайтадан тест тапсырғанын қаламаған.
Ма Юн педагогика мамандығында оқығанмен, оның өзіне тән іскерлік қабілеті мен ораторлық шеберлігі студент кезінен көріне бастайды. Ол университте оқып жүргенде Ханчжоу студенттер президенті болып сайланған. ЖОО аяқтаған соң, қатарластары орта мектептерде ағылшын тілінен мұғалім болып кірген. Ал Ма Юн бітірген 500 студенттің ішінде институтта жұмысқа орналасқан жалғыз студент болған. Оның жалақысы айына - 12 доллар. Ол оқытушылықпен қатар өзге де жұмыстарды бірге алып жүрген. Күндіз институтта сабақ берген. Ал кешке өзінің таныстарымен, жалпы ағылшын тілін үйренгісі келетін адамдармен әңгімелесетін. Олардың тіл үйрену үшін бойындағы ұялшақтық сезімді жою керек екендігін басты назарға алған. Ал кешкі қараңғылықта адамдар бір бірінің түрін нақты көрмегендіктен, практика жасағанда еш ұялмайды деп есептеген. Бұл кешкі жиналыстары «кешкі сынып» деп аталған.
Кәсіпкерлікке алғашқы қадам
Джек Ма мұғалімдік жұмысы ұнайтын. Алайда оны тағы бір сала қызықтырған еді. Бұл сала – кәсіпкерлік. Сол уақытта Қытайлық атақты реформатор Дэн Сяопиннің кәсіпкерлікке байланысты айтылған қанатты сөзі ел арасына кеңінен таралған. Бұл қанатты сөз Джекті ойландырып тастайды. Сондықтан ол күндіз институтта мұғалім, кешке «кешкі сыныппен» қарбаластығына қармастан, жеке кәсіпкерлікке қадам жасайды. Ол аударма жасайтын, сондай-ақ халыққа тіл үйрететін орталық ашты. Оны өзінің ең алғашқы қадамы болғандықтан, «НОРЕ» деп атады. «Норе» ағылшын тілінен «Үміт» деп аударылады. Орталық толықтай Hanzhou Hope Translation Agencyдеп аталды. 2 бөлмелі пәтерді жалға алып, сол жерде орталықтың жұмысын жалғастырады. Ал жарнама жасау үшін «кешкі сыныптағы» белсенді студенттерінен көмек сұрайды. Өзі жұмыстан қолы тимегендіктен, мұғалім ретінде зейнетке шыққан институт оқытушыларын алған. Бұл туралы ол былай дейді: Бізде зейнетке шыққан жақсы мұғалімдер болды. Олардың зейнетақылары мардымсыз еді. Сондай-ақ олардың үйлерінде істейтін істері болмады. Ал мен оларға көмектескім келді»,-дейді кәсіпкер. Сол жылдары тіл үйрететін орталықтар көптеп ашылған болатын. Қытайда реформалар жүргізіліп, «ашық есік» саясатына көшкен. Содан кейін бұл елге туристтер ғана емес, әр түрлі елдерден бизнесмендер де келе бастаған. Бизнестегі қарым-қатынас тілі ағылшын тілі болғандықтан, сұраныс артып, жаппай тіл үйретін орталықтар қаптап кеткен еді. Демек, Джектің бәсекелестері көп болды. Одан бөлек бұл орталыққа адамдарды көптеп тарту үшін мықты жарнама да жетіспеді. Сондай-ақ Джектің мемлекеттің қызметі бір жағынан болғандықтан, уақыты да жетпеді. Сондықтан бұл қадамы сәтсіздікке ұшырап, ақырында жабылып қалды. Джек ары қарай мемлекеттік жұмысын жалғастыра береді. Алайда ол мемлекеттік жұмысын тастаймын ба, жоқ па деп бір шешімге келе алмай, ой үстінде жүреді. Сөйтіп жүргенде, бір күні оған бір компания өкілі келіп, ағылшындармен келіссөз жүргізуде қиындық туғандықтан, көмектесуін сұрайды. Джек келіседі. Компания Джекті аудармашы ретінде Ганконг жібереді. Алайда ағылшындардың бас офисі Америкада екенін білген соң, компания Джекті сол жаққа аттандырады.
Джек Ма - Америкада
Джек 1995 жылы Америкаға келеді. Компанияның тапсырмасына сай америкалық компанияны іздеп келгенде, шын мәнінде ондай кәсіпорын жоқ болып шығады. Ал өзін компания бастығы деп таныстырған адам, алаяқтардың бірі екенін аңғарады. Джек басына қауіп төніп тұрғандығын түсініп, қашпақ болғанмен, олар Джекті ұстап алып, бір үйге қамап тастайды. Арада біраз уақыттан соң, алаяқтар Джекті Лас Вегасқа қоныс аудартады. Лас Вегаста да оны тұтқында ұстайды. Джек үйқамаққа алынған ,ғимараттың астында казино орталығы орналасқан. Бір күні есіктің кілттенбегенін көрген соң, ол бірден астына түседі. Ойын автоматынан ақша ұтып алып, үстіде қалған заттарын да алмастан бірден Сиэтл қаласына тартады. Бұл қалада оның турист достарының үйі бар болатын. Бұл оқиға жайлы Джек есіне алғысы келмейді. Оның интервьюлерінде бұл оқиға жайлы мүлдем айтылмайды. Джектің Америкадағы басынан өткен бұл жағдай туралы Дунган Кларктың «Alibaba» кітабында жазылған.
«Джек бұл бомба емес қой»
Джек Сиэтл қаласындағы турист достарының үйінде жүріп, жаңа нәрселермен танысады. Көзі ашылады. Американың қаншалықты дамыған ел екенін сезінеді. Қытайда жүргенде «Қытай ең бай елдердің бірі» деп халыққа насихатталатын. Ал Америкаға келгенінде, өз елінде шешімін таппаған біраз мәселелердің бар екенін түсінеді. Джек Америкада жүргенінде өзіне қатты таң қалдырған бір нәрсе бар еді. Ол –интернет. Досы Джекке интернетті таныстыру үстінде: .
Джек: Интернет деген не?
Досы: Джек білесің бе, интернеттен кез келген нәрсені іздеп табуға болады.
Джек: Қалай іздеймін?
Досы: Жай ғана теріп іздесең болды.
Джек: Мен тергім келмейді. (Компьютерлер Қытайда өте қымбат болған. Джек сындырып аламын ба деп қорыққан)
Досы: Джек бұл бомба емес қой. Жай ғана терсең болғаны.
Солай Джек интернетпен танысты. Оның алғашқы іздеген сөзі «сыра». Интернетте америкалық, германиялық сыра түрлері шыққан. Алайда қытайлық сыра жоқ. Джек бірден «Қытай» (China) деп тергенде ешнәрсе табылмайды. Бұл Джекке қатты әсер етеді. Ол интернетте Қытай туралы ақпараттар енгізгісі келді. Ал досы Джекке арнап chinapage.com сайтын ашады. Көп ұзамай Джектің электронды почтасына шетелден Қытай туралы іздеген адамдардан хат келіп түсе бастайды. Ал ол кезде Джек тіпті электронды почтаның не екенін де білмеген. Солай ол интернетпен танысып, электронды почтаның не екенін біліп еліне аттанады. Джек Ханчжоуға сондай шабыттанған, ерекше әсермен оралады. Ол Америкадан өзімен бірге ескі компьютерді ала келеді.
Кәсіпкерлікке екінші қадам
Джек Америкаға кетпес бұрын мемлекеттік жұмысын тастаймын ба, жоқ па деп бір шешімге келе алмай жүрген еді. Себебі сол жылдары оны кәсіпкерлік сала қызықтырып жүрген. Ал Америкадан оралған соң, мұғалімдік жұмысын тастап, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдайды. Оның түбегейлі шешім қабылдауына әсер еткен интернет қана емес, тағы бір жағдай еді. Джек институтқа бара жатқан жолда, деканды көріп қалады. Велосипед мініп, дүкеннен азық-түлік алып келе жатқан деканға қарап, күндердің бір күнінде өзі де декан болғанымен, бұл қызмет оны мүлдем қуантпайтынын түсінеді. Декан оған «қал» дегеніне қарамастан, ол мемлекеттік жұмысынан өз еркімен шығып кетеді.
Сөйтіп, ол chinapage жұмысына бел шеше кірісе бастайды. Өзінің 24 досын жинап, интернет жайлы екі сағат әңгіме қозғайды.Білетінің бәрін айтып болғанда, оларға бірге серіктес болып жұмыс жасауды ұсынады. Алайда отырғандардың көбісі «Джек сен интернет жайлы ешнәрсе білмейсің ғой» деп бас тартады. Негізінде, интернетті көзбен көріп, ішінен бір нәрсе іздеп көрген Джек ғана еді. Ал достары тіпті интернетпен бизнес жасамақ түгілі, оның не екенін де білмейтін. Сондықтан Джектің екі сағатқа созылған әңгімесі оларға таң қаларлық, бәлкім қияли болып естілген. Сондықтан олар бас тартты. Алайды тек біреуі ғана келісті. «Істеп көрейік. Сәтсіздікке ұшырап жатсақ, біз әрқашан бұрынғы қалпымызға орала аламыз» деді. Бұл досы Джек Мамен таныспас бұрын, Сингапурде болып, сол жерде интернеттің не екенін біліп, аз-маз хабары бар адам еді. Сөйтіп екі дос chinapage –дің жұмысымен айналыса бастайды. Сайттың ішін контентпен толтыру үшін барын сала жұмыс істейді. Әр түрлі компанияларға барып, жарнама жасайды. бірақ олар аса түсіне қоймайды. Сондай-ақ мемлекеттің chinapages.com деген сайты Америкадада ашылған. Бір жағынан мемлекеттің жобасы бар болғандықтан, екінші жағынан жергілікті компаниялар тарапынан қолдау таппаған соң, Джектің chinapage –і сәтсіздікке ұшырады.Бұл оның кәсіпкерліктегі екінші қадамы болатын. Екінші қадамы да сәтсіз болды...
«Alibaba»
Джек берілмейді. Ол халықтың арасына ең болмаса, интернеттің не екенін білсін деп интернет жайлы айта береді. Тіпті бұл үшін Билл Гейтстің атағын да пайдаланған. Билл Гейтс әлемдегі бай адамдардың қатарына қосылып, атағы жер жарған еді. Қытайдағы халық интернеттің не екенін білмесе де, Билл Гейтсті танитын. Джек «Интернет- әлемді өзгертетін нәрсе, бизнестегі басты құрал» деген мағынадағы сөйлемді айтып, бұның авторы Билл Гейтс деген. «Егер мен, Джек Ма айтты десем, маған кім сенеді?.Ал Билл танымал. Оған сенетін еді. Мен ерте ме кешпе Гейтстің осы мағынадағы сөзді айтатынын білдім» дейді ол. Көп ұзамай Гейтс интернет жайлы бизнестегі ең маңызды нәрсе екендігін айтқан. Ол кезде оған ешкім сенбесе де, бүгінде оның айтқандары шындыққа айналуда. Қазір ол Кремний алқабының әйгілі тұлғаларымен бірге бір тізімде тұрып, өзі де атақты бизнесменге айналған.
Ол Билл Гейтстің атағын пайдаланғанмен, өзі әлі де болашаққа деген сенімін жоғалпайды. Ол екі рет кәсіпкерлікке қадам жасап, екеуі де сәтсіз болғанына қарамай тағы да бір жобаны ойлайды. Бұл 1998-1999 жылдар еді. Сол уақытта Джек Қытай халықаралық электронды сауда орталығын басқардыОл басқа елдерге қарағанда Қытайда тауар арзан бағада сатылатынын білетін. Осыны ескеріп, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге арнап, интернет алаң ашсам деп ойлайды. Жобасы бір қарағанда сәтті болғанмен, бірақ инвесторлар керек еді. Ма бизнес жоспар құрып, идеясы тезірек іске асатын шығар деп, Кремний алқабына аттанды. Алайда оның бизнес жоспары инвесторлардың көңілінен шыға қоймады. Бұл идеясы интернет компания құру. Ал оның аты – Alibaba. Алибаба ертегі атауымен байланысты. Бұл ат - Сан-Франциско қаласында кофеханада отырғанда, ойына келген. Джек Қытайға оралған соң, 17 досын жинап, бұл идеяны іске асыруға, бәрінің бір мақсат жолында бірге жұмыс істеуге шақырады. 18 адамның тек үшеуі интернеттен хабары бар, сайт жасай алатын. Ал қалған Джек Мамен қосқанда 15-адамның интернет жайлы білімі таяз, бағдарламаудан(програмирование) хабары болмаған. Бірақ соған қарамастан, олардың армандары асқақ еді. Барлығы бірігіп, $60 мың ақша жинайды. Бұл компания құруға жететін. Джек Маның өзінің сөзімен келтірсек:
«Бүгін біз келесі 5-10 жылдықта не істеу керек екендігімізді талдау үшін жиналдық.Алибаба болашағы қандай болады? Біз Қытайда жұмыс істегенімізбен, біздің бәсекелестеріміз жергілікті сайт емес. Мен бұрыннан айтып жүренімдей, біздің бәсекелестеріміз Америкада, олар Кремний алқабындағылар. Біріншіден, біз әлемдік сайт болумыз керек. Екіншіден бізге Кремний алқабындағылар қалай жұмыс істейтіндігін үйренуміз керек» Бұл 1999 жылы Джек Ма жайлы түсірілген деректі фильмнен үзінді. Әрине бәрі бірден керемет болып кеткен жоқ. Интернеттен мүлдем хабары жоқ елге, интернет компания ашу біреулерді таң қалдырды.Тіпті кейбір деректерде, Джекке Алибабаны құру ең топас идея дегендер болған. Алибаба сайтын ашқан бастапқы кезде, коммерциялық тұрғыдан ешқандай пайда әкелмеді. Офиске ақшалары жоқ болғандықтан, Джектің пәтеріне орналасты. Соған қарамастан олар үмітін үзбей жалғастыра берді. 1999 жылы компания Goldman Sachs –тан инвестиция алды. 2000 жылы стартапқа тағы Softbank-тен инвестиция құйылады. Құйылған инвестицияның жалпы сомасы - $25 млн құрады. Алайда қаржылай көмек алғанмен, компания бірден дамымады.
Сонда да ол компанияны жаппай ары қарай жалғастыра берген. Оған бизнесін тастап кетпей, ары қарай жалғастыруына жігер берген тұтынушылардың ықыластары. Джек тұтынушылардың ризашылық лебіздері оған мотивация болғандығын баса айтады.
«Ең бастысы – сенім. Біз компаниямызға сендік. Мәселе – түскен табыста емес. Біз үшін тұтынушылардың ризашылықтары ең басты табыс болды. Бұған бізідң қызметкерлеріміз сенді. Бізде мүлдем табыс болмаған кездегі бір оқиғаны айтайын. Мен мейрамханада едім. Мен тамақтанып болған кезімде, менің жаныма бір кісі келіп хат қалдырып кетті. Бұл хатта, «Сәлем,Джек! Мен Alibaba қолданамын. Мен сенің одан табыс таппайтыныңды білемін. Сондықтан счетті мен төлеймін» . Осыған ұқсас жағдайлар жиі болды. Мен барда отырдым. Бір кісі келіп темекі ұсынып, қолыма хат ұстатты. Хатта «Сенің сайтыңа рахмет! Мен сенің одан ақша таппайтыныңды білемін. Бұл менің саған арнаған кішкене сыйлығым». Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екенін жеткізді. Біз жалғастыру керек болдық. Келесі 10 жылда, біз шынымен табысты болдық. Бұл болған оқиға. Бұл бізге күн сайын мотивация берді» дейді миллиардер.
2002 жылдан бастап қана компания табыс әкеле бастаған. Бірақ өте мардымсыз еді.Компанияның тек 18 айға ғана жететін ақшасы болған. Осы жағдайдан шығу үшін Ма АҚШ-қа көз тігеді. Тығырықтан шығу үшін Джек Ма өзінің платформасына Қытайдан саудагерлерді тартып, ал тұтынушыларды Америкадан іздеген. Осының арқасында компания табыс таба бастаған.Нәтижесінде жыл аяғындағы компанияның таза табысы - $1 болды.Бұл бір қарағанда, күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол кездегі Алибаба үшін қуанышты жаңалық болды. Олар тіпті атап өтіп үшін кеш ұйымдастырған. $1 бастаған табыс, бүгінде миллиардтаған кіріске жеткізген. Алибаба компаниясының ерекшелігінің тағы бір көрінісі олар жыл сайын қызметкерлердің арасында таланттар шоуын өткізеді. Одан бөлек Alibaba eBayмен бәсекеге тұскенде, оған соғыс жариялап, қызметкерлерінің бәрі бір күн әскери форма киіп жүрген.
Бұның себебін Джек Ма компанияны алға жылжыту үшін адамдардың назарын аудартатындай қылықтар жасау керек дегенмен түсіндіреді. Джек Ма Алибабаның 10 жылдық мерейтойында, басына жасанды шаш киіп, панк-роекр сияқты киініп, қызметкерлерінің алдында компанияның әнін айтқан.
Tao Bao негізін қалау. eBay-мен соғыс
Alibaba - ны алға жылжыту үшін Джек Маның ойына тағы бір идея келді. Бұл бүкіл Қытайды қамтыған онлайн сауда жасайтын сайт. Бірнеше бағдарламаушылар Джек Маның пәтерінде(Alibaba Group бастаған пәтер) жиналып, Джектің ойлағанын іске асыруға кірісті. Бұл сайт сол уақытта Қытай сауда нарығында жақсы жұмыс істеп тұрған eBay-ге ұқсатып жасалатын болды. 2003 жылдың көктемінде Тао Вао негізі қаланып, Джектің қорқынышына қарамастан, біртіндеп өзіне аудитория жинай бастады.
«Сайт ашылған алғашқы күнде біз офистегі адмдар бір- бірімізбен сауда жасадық. Содан кейін адамдар аз аздап келе бастады. Біз сату үшін кім не қойса да, сатып ала бердік. Тіпті ол зат өзмімізге керек емес болса да. Сөйтіп, бір үйдің ішінің бәрін өзімізге керек емес заттарға толтырдық. Сондағы мақсатымыз- бұл жерде сауда жасауға болатынын түсіндіру еді». Сайттың дизайнынан бастап, бәрі қытайлық қолданушылардың ыңғайлы етіп жасалынды. Джек ҚХР тұрғындарына тиімді болу үшін үш жыл бойы қолданушылардан комиссия да алмаған.
Бұған жауап ретінде eBay электронды коммерция нарығында ең өтімді болып тұрған EachNet ойынына жарнамаларын қосты. Осының арқасында, eBay нарықтың 85% алып, бәсекелесін басып озды.
Жауапты соққы ретінде Джек Ма 2004 жылы Alipay төлем жүйесін іске қосты. Давоста өткен бірінші саммитте ол онлайн төлем жүйесімен танысып, бұны Қытайда іске асыру жайлы идея келген. Қытайда бұған тыйым салынған еді. Алайда соған қарамастан, кәсіпкер қалайда осыны құруға тырысты. Нәтижесінде мемлекет оған кедергі болмады. Alipay төлем жүйесінен өзге, қолданушылардың ақшасын алаяқтардан да қорғайды. Тао Вао –да мессенджер сияқты қызықты жаңа құрылғылар пайда бола бастады.
Джек Ма eBay-ді – мұхиттағы акулаға, ал Тао Вао-ны Янцзы крокодиліне теңеген. eBayAlibaba Group қарағанда едәуір үлкен компания. Ол тек Қытайға ғана емес, бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған. Ал Джек Ма бүкіл әлем болмаса да, Қытайдың сауда нарығында жақсы жұмыс істеді. eBay біртіндеп әлсіреп, басшылары нарықтағы үлесін сақтап қалуға қанша тырысқанмен болмады. Оның ең басты қателігінің бірі базасының АҚШ-қа миграциялануы еді. Миграциядан кейін ресурс баяу жұмыс істейтін болып қалған.Сондай-ақ EachNet –тің де өтілімі азайған. Ал осы уақытта Тао Вао жыл сайын жаңаланып, тез жұмыс істейтіндігімен өзіне аудиторияны көптеп жинай бастаған. 2006 жылы соғыс аяқталды: Тао Вао нарықтың 60% қадағаласа, ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 82% жетті.
Кейбір деректерде, eBay –дің басшысы Мег Уитмен 2005 жылы соғыс әлі жүріп жатқан кезде, Маны АҚШ-қа шақырып, серіктес блуды ұсынған. Алайда Ма бас тартқан. Оның есесіне ол Yahoo! –мен келісіп, Alibaba-ның 43%-на $1 млрд төлеген. Арадағы қарым-қатынас қиын болған. Сарапшылар Yahoo! басшысы Янг қате қадам жасады деген. Алайда бүгінде ол Янгтің негізгі активіне айналып отыр.
Ма компанияға керекті сомаға қолы жеткен соң, тұтынушыларына алдағы үш жыл тағы да комиссияға ақша төлемейтіндіктерін хабарлады.
2007 жылы Alibaba аяқ астынан тұтынушыларының наразылықтарына тап болды. Оған жауап ретінде Ма бүкіл әлемге өзінің сайтында акула етінің өнімін сатуға тиым салатынын жариялады. Осыдан кейін тұтынуышалар тыныштылды.
Yahoo!-мен күрес
2008 жылы Alimama (атауы 1999 жылы тіркелген) жарнама сервисі жасалынды. Alibaba компаниясына маркетинг жағынан қолдау үшін құрылған. Тестілеуден өткізу ұзақ уақытқа созылған.
Сол уақыттағы тағы бір жаңа жоба - T-Mall, бастапқы да Taobao-Mall деп аталған. Бұл сервис Alibaba-да арзан тауарлар сатылады дегендерге жауап ретінде құрылған. Сервис B2C жүйесімен жұмыс жасайды, яғни тек тіркелген фирмалар және жай саудагерлер қосымша құжаттар толтыру арқылы сауда жасай алады. Көп ұзамай бұл сайтқа атақты Adidas, GAP және Meizu сияқты брендтер кірген. 2011 жылы T-Mall сайты Taobao-дан бөлініп жеке сервис болды. Бүгінгі күнде сайтта 70 мыңнан астам лицензиясы бар саудагерлер әлемдік брендтерді сатылымға ұсынуда.
2009 жылы Yahoo! мен Alibaba арасындағы қарым қатынас суи бастады. Америкалық компанияның басшысы ауысып, Джерри Янг-тің орнына Кэрол Бартц келіп, Джек Мамен арадағы қатынасты бүлдірді. Оған себеп болған, Кэролға Yahoo China сервисі ұнамады. Сондықтан ол қытайлық кәсіпкерлерден сервистегі америкалық атауды алып тастауын талап етті. Кэрол бұл тілегін Alibaba топ-менеджерлерінің қатысуымен өткен жиналыста қадап айтты. Yahoo!-дан шаршай бастаған Ма оны акционерлер қатарынан шығарып тастауды шешті.
Оның шығаруының бірінші қадамы - Alipay (акциясының көп бөлігі Маның иелігінде) компаниясын басқа компанияға көшіруі болды. Бұл қадам Yahoo! мен Softbank - дағы басқа акционерлерге ескертпестен жасалынып, олардың ренішін туғызды. Әсіресе Маға ренжіген Yahoo! –дағы акционерлер. Ал Softbank акционерлері бұл жағдайға онша мән бермеді. Ма акционерлердің әлсіз тұстарын сезіп, оларға қызығушылық таныта бастады. 2011 жылы Бартц орнын босатты. Кэрол компаниясы үшін жұмыс істей алатын болса, алдымен сынамай тұрып істейтіндігін Ма атап өткен. Одан кейін Yahoo! директорлар кеңесіне инвестор Дэниэл Леб келіп, ол жаңа атқарушы бас директор лауазымына Скотт Томпсонды тағайындады. Томпсон Маның 20% акциясын сатып алу туралы ұсынысына бірден келісіп, құнды қағаздың жалпы сомасы $7,1 млрд құрады. Янг бұл шешімге қарсы болып, тіпті директорлар кеңесінен шығып кетті. Бір қызығы Янг Yahoo!-дан кетсе де, Alibaba-да директорлар кеңесіндегі орнын сақтап қалды.
Бәсекелестермен күрес, жанжал және табысты Alibaba IPO
Джек Маны аяғынан шалғысы келгендер тек Yahoo!-да ғана емес, Қытайдың ішінен де табылған. Солардың бірі - Baidu (Қытайдағы Google десек те болады) іздеу жүйесінің негізін қалаушы Робин Ли. Ма өзінің сайтындағы қолданушылар ішкі іздеу жүйесін қолданғаны дұрыс деген шешімін, Робинге жеткізгенде, ол қуана келіседі. Соңынан 2009 жылы Baidu юзері Taobao мен T-Mall –ді блоктайды. Оның орнына өздерінің платформасын құрғанмен,табысты болмады.
2014 жылы күрестің жаңа толқыны басталды. Маға қарсы Tencent, Baidu және Wanda Group құрамы шықты. Бұл үш компанияны да Қытайдағы ең бай адамдар басқарады. Олар Alibaba-ны әлсірету мақсатында, $814 млн. онлайн-платформа құрды. Қазіргі уақытта бұл күрес жайлы нақты ақпарат жоқ. Ал Ма қарсыластары жайлы жағымды пікірде. Ол Tencent компаниясы Alibaba Group- ке қарағанда жаңашыл екендігін айтып, олардың жасаған WeChat-ты мақтады.
2011 жылы Alibaba Group –те үлкен жанжал орын алды. Компаниядағы 100-ге жуық менеджерлер электроника сататын өтірік фирма ашып, тұтынуышларға ештеңе апармай, ақшасын қалталарына басқан. Дау шығып, тексеріс жүргізілгенде 2300-ге жуық жалған дүкенді анықтаған. Шығын - $2 млн. Миллиардтаған табыс тауып тұрған компания үшін $2 млн шығын түк те емес. Бірақ осы жағдайды Ма бағалағанда, ол алаяқтарды ғана емес, бірнеше топ-менеджерлерді де жұмыстан қуып жіберді. Бұл компанияға деген тұтынушылардың сенімдерін қайта қалпына келтіру үшін әрі міндетін дұрыс орындамағандарға не болатынын көрсету мақсатында жасалынған.
2013 жылы Alibaba Group IPO- ге шығуға дайындық басталды. Осы уақытта қоғам назары Джек Маға ауды. Біріншіден, ол атқарушы директор қызметінен кетіп, директорлар кеңесінің мүшелігінде қалды. Бұл қызметтен кетуін, қайырымдылықпен айналысқысы келетіндігімен түсіндірді. Ол кетерінде компанияны 7 бағытқа бөліп, әрбірінде 25 бөлім болды.
Екіншіден, 2013 Джек Ма резонанс тудырған интервью берді. Сұхбатта интернеттің шектеулігіне қарамастан, ҚХР үкіметін қолдайтындығын айтты. Бұдан бұрын Джек үкіметтің ісіне араласпайтын. Оның бұл қылығын сайт қолданушылары қорыққаннан жасады деп санады. Осы уақытта Қытайда кәсіпкер Цзэн Чэнцзені құпия түрде өлтірілген еді. Сондықтан Маның бұл әрекеті түсінікті болды. Бизнесменнің өзі 2015 жылы мемлекетпен бизнес жасамайтынын, бірақ екіжақты коммуникацияға қарсы еместігін және маңызды деп санайтындығын айтқан.
2014 жылы Alibaba Group IPO-ға шықты. Биржада $21,8 млрд жетіп, $241 млрд бағаланды. Сол уақытта компанияның 8,9% акциясын иемденген Ма $867 млн. тапты. Қытайлық гиганттың IPO –сы тарихтағы ең ірі болып мойындалды.
ІРО шықпай тұрып, Ма $4 млрд. пен Alibaba Group –тың 2% -ын қосып қайырымдылық қорын құрған. Қор денсаулық сақтау, білім және қоршаған ортаны қорғаумен айналысады.
Сондай-ақ 2010 жылдан бастап, Alibaba Group жылдық табысының 0,3% -ын табиғатты қорғау қорына аударады. Оған қоса Ма табиғатты қорғау комитетінде қызмет атқарып, экологияны сақтауға ақшасын бөледі.
Джек Маның тұлғалық қасиеті мен кәсіпкерлік көзқарастары
Джек Ма әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылғанмен, ол қарапайымдылықты дұрыс деп санайды. Басқа миллиардер байлардан айыратын оның осы мінезі. Джек өзін-өзі мақтамайды. Керісінше, ол өзін мен ақымақ адаммын деп санайды. Оған көптеген адамдар «Джек сен-біздің батырымызсың» деп көкке көтергенде де, «мен-батыр емеспін» дейді. Осыған қарап, оның мақтангершілікке салынбайтынын байқалады.
Ол кезінде интернет-компания құру туралы идеясына көптеген адамдардың оған топас адам ретінде қарағанын, «бұл мен естігендерімнің арасындағы ең топас идея» дегенін жиі айтады. «Мен-ақымақпын, бірақ-топас емеспін» дейді. Бұл арқылы ол өзге адамдарға қандай да бір істі бастағанда берілмей, мотивация бергенді қалайды.
Ағылшын тілін үйренудегі 9 жылдық табандылығы мен жұмыстағы 30 дан астам сәтсіздіктеріне қарамастан, ол берілмеген. Өмірге наразы болмай, алға қадам басқан. Джек Маның сәтсіздіктеріне назар аударып, оның берілмейтін табанды жан екенін аңғарамыз.
Сондай-ақ ол жастарға ерекше көңіл қояды. Елді дамытатын, жаңа инновациялық дүниелерді жасайтын да осы жастар екеніне баса назар аударады. Ол Қазақстанға келгенінде, жастарға көңіл бөліп, оларды оқытыңыздар. Оларға жігер беріңіздер деп айтқан.
Сонымен қатар Джек Маның техникалық білімі болмаса да, әлемдегі ең ірі интернет компанияның негізін қалауы оған деген қызығушылықты одан әрі арттырды. Ол код жазуды ғана емес, жалпы технология саласын мүлде білмейді. Білуге де тырыспайды. Ма бұл саладан өзіңнің кәсіби мамандары бар екеннін айтты.
Миллиардердің тағы бір ерекшелігі ол ақшаны алдыңғы орынға қоймайды. Ол үшін ең маңыздысы – тұтынушы. Одан кейін компания қызметкерлері, тек содан кейін ғана акционерлер. Әдетте басқа компанияларда акционерлер бірінші орында болады. Ал Джек Ма бұған келіспейді. Оның себебін дағдарыс келгенде акционерлер қашып кетеді, ал тұтынушы мен қызметкерлеріміз қаладымен түсіндіреді.
Джек Ма әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде болса да, ол барынша қарпайым өмірді таңдайды. Оның ең қымбат сатып алған заты – Ганконгтегі үйі, бағасы - $193 млн. Бизнесмен тағы жеке ұшақ сатып алған, алайда ол қажеттіліктен туындаған. Тіпті оған iPhone –ды әйелі сатып алып берген.
Ма компаниясының сатылым ауқымын 2020 жылға дейін $1 трлн-ға жеткізбек. Бұл қолжетпес болып көрінгенмен, миллиардер бұған жете алатындықтарын бірнеше рет айтқан.
Джек Маның медиабизнеске де ақша құюда. Оның иелігіне South China Morning Post газеті, eBussines Review басылымы, Huxiu бизнес блогы, China Business Network онлайн басылымы, сондай-ақ кино өндірісі мен тағы басқа жобалар тиесілі.
Қания Табыс
Оқуға кеңес береміз:
Джек Ма: Егер 35 жасыңызда сіз әлі де кедей болсаңыз – онда сіз бұған лайықтысыз
Міндеттерді қалай жеңілдетуге болады?
7 пайдасыз әрекеттен бас тартып, өміріңді өзгерт
Өміріңізді құр өткізіп жатқаныңыздың 13 белгісі
Жалқаулықты жеңудің ең жақсы әдісі
Сіз неге әлі күнге дейін бай емессіз: 7 себебі