Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жалқаулықты жеңудің ең жақсы әдісі

Біз үнемі істерімізді бүгін істеуге ерініп, ертеңге қалдырып жатамыз. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ жалқаулық жар бермей, барлық жоспарларымызды орындауға кедергі келтіріп жатса не істейміз?

Біз бүгін жалқаулықты жеңетін ең жақсы әдістерді ұсынамыз:

1. Ұсақ-түйекке мән берме

Адамдардың көбі уақыттарын кофе, шай демдеумен, поштасын тексерумен, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды оқумен, сүйікті сайтындағы жаңа киім топтамаларын тамашалаумен және сол сияқты маңызды емес істермен бекерге өткізеді. Мұндай істермен айналысқан кезде жұмысқа бөлінген алтын уақыттың қалай зыр етіп өте шыққанын байқамай да қаласың. Сондықтан, мұндай ұсақ-түйек істерге алданбай, бар зейініңді жұмысқа шоғырландыр.

2. Жұмыс жоспары

Ісің жылдам әрі табысты жүрсін десең, онда ойға алған мақсаттарыңның бәрін тізімдеп жазып қой. Алдағы уақытқа жұмыс жоспарын жаса. Ұзақмерзімді және қысқамерзімді жоспарлар құр. Есіңде болсын: үлкен істерді бірнеше кезеңге бөліп қою керек. Осылайша ойлануға және демалуға уақыт таба аласың.

3. Мотивация

Еңбегіңнің мәні туралы еске түсіретін бірнәрсе істе. Мысалы, мақсатың автокөлік сатып алу болсын. Оның қандай болу керек екенін анықтап, суретін компьютердің немесе телефонның жұмыс үстеліне орналастырып қой. Өз жұмысыңды не үшін атқарып жүргеніңді ескертіп тұратын ескертулерді басып шығар. Сондай-ақ, ұлы адамдардың мақсаттар, армандар туралы қанатты сөздері жазылған және мотивациялық кітаптарды сатып ал. Бойың босаңсый бастағанда, дереу сол кітаптарды оқы. Қанатты сөздердің бәрі сені міндетті түрде шабыттандырады.

4. Таңды дұрыс қарсы ал

Тәуліктің 8 сағатын ұйқыға жұмса. Ал оянған сәтте төсектен бірден тұрып кетпей, бірнеше минут керіліп-созылып, жаңа күн туралы ойлан. Таңғы жаттығу жасауға ерінбе. Бес минуттық жеңіл жаттығулардың өзі күні бойы сергек жүруге көмектеседі. Ыстық-суық суды кезектестіріп себезгіге (контрастный душ) түсу — ағзаны оятып, оған күш-қуат берудің ең жақсы әдісі. Таңғы ас — күннің жақсы басталуының кепілі. Ол жеңіл болу керек. Таңғы асқа сүзбе, астық дақылдары, жемістер, ботқа және шырын жеткілікті болады.

5. Уақытты дұрыс пайдалану

Уақытты жоспарлау өнері — бос уақытыңды бір шыны-аяқ кофе ішуге де үнемдей алады. Біз қазір «уақыт жетпей қалды» деген түсінікке орын жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз. Кейде берілген жұмыс көлемін бір сағатта немесе бір күнде орындау мүмкін емес сияқты көрініп кетеді. Сол кезде бізге көмекке тайм-менеджмент келеді. Өз міндеттерімізді орындау арқылы біз мақсаттарымызға, арманымызға күн сайын жақындай береміз. Сол үшін де барынша тырысуға болады. Кейбір күндерді саябақта серуендеу үшін, кино тамашалап немесе күні бойы ешнәрсе істемей, тек қана ескі суреттерді көріп жату үшін арнаған да жөн. Бірақ бұған бойы алдырып кетпе. Жалқаулық — жақсы әдет емес.

6. Мен – жарадым!

Өзіңе бір шарт қой: мысалы, егер жоспардағы істі атқара алсам, өзіме әдемі көйлек аламын. Сыйлық көлемі атқарылған іске байланысты. Сондықтан, бәрі өз қолыңда!

7. Үзіліс

Жұмыс арасында үзіліс жасап тұр. 20-30 минут жұмыс істегеннен кейін 5 минут тыныштықта отыр немесе таза ауамен тыныстап кел. Осындай үзілістен кейін істеген ісіңді тыныққан мимен дұрыс бағалай аласың.

8. Кейінге соза берме

Жалқаулықты бас көтермей тұрып жеңіп таста. Ең бастысы — мұның жалқаулық немесе басқа бір сырқаттың белгілері екенін дұрыс анықтап, қателеспеу керек. Әлсіздік, көңілсіздік, ұйқышылдық? Егер сырқаттың осы аталған белгілері анық байқалмаса, онда бұл жалқаулық. Жалқаулық санамыз бен денемізді жаулап алмай тұрғанда тез арада істі қолға аламыз!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама