Біріккен Араб Әмірліктері халықаралық іздеуде жүрген үш қазақстандықты Қазақстанға қайтарды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Қадағалау органының мәліметінше, Бас прокуратураның орынбасары Асхат Жұмағали бастаған делегация Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен БҰҰ-ның қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі 15-конгресіне қатысты. Сапар аясында БАӘ әділет министрімен және Бас прокурорымен кездесулер өтіп, онда қылмыспен күрес және іздеудегі адамдарды экстрадициялау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

«Осы уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен және Ішкі істер министрлігінің Интерполымен бірлесіп, Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігінің көмегімен аталған елден үш Қазақстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялады», — делінген хабарламада.

Бас прокуратураның ақпаратынша, экстрадицияланғандардың бірі 2019–2020 жылдары сыбайласымен бірге Астанада халықаралық орталық салу үшін жер телімін алуға көмектесемін деп, алдап, жәбірленушінің жалпы сомасы 368 мың доллар ақшасын иемденген.

Тағы бір айыпталушы ауыр дене жарақатын қасақана келтіргені, тонау және бұзақылық үшін іздеуде болған. Қадағалау органының дерегінше, 2021 жылы Алматыда ол жәбірленушіге топ болып шабуыл жасап, ауыр дене жарақатын келтірген және жалпы сомасы 100 мың теңгеден астам жеке мүлкін ашық түрде жымқырған.

Үшіншісі биылғы жазда Астанада Қытай азаматынан 24 200 АҚШ долларын ұрлады деп күдіктелуде, бұл аса ірі мөлшерге жатады.

Қылмыс жасағаннан кейін олар қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, сол себепті халықаралық іздеуге жарияланғаны атап өтілген.

«Кейін олар БАӘ аумағында анықталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанға экстрадицияланды. Қазіргі таңда барлық күдікті тергеу изоляторына қамалды, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру қайта басталды», — деп хабарлады қадағалау органы.