- 07 мау. 2015 00:00
- 255
Бала - өмір қызығы
Бала - артта қалған із. Ұрпақ жаңғырту, артта із қалдыру - адамзаттың жойылып кетпеуінің бірден - бір себебі. Сондықтан бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашағымыз. Қыз бала отау тігіп,шаңырақ көтерген соң ең басты арманы - сәби сүю. Сәбидің былдырлаған үні әрбір шаңыраққа бақыт,қуаныш әкеледі. Сондықтан ата - бабамыз: "балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар" - деп, бекер айтпаған. Ата - бабамыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударған. Қызға қырық үйден тыйым салып,ұл баланың ер азамат,намысшыл болып өсуіне ықпал жасаған. Бүгінгі күні бала тәрбиесі ең алдымен ата- анаға, балабақшаға барса,тәрбиешіге, ұстазға байланысты. Құс ұясында не көрсе,ұшқанда соны іледі, бала да өзі тәрбиеленіп отырған ортадан не үйренсе,болашақта сондай болады. Тәрбие - тал бесіктен. Сондықтан, қандай тұқым сеуіп,қалай күтіп баптасақ,сондай жеміс аламыз.
Бала - ертеңгі азамат немесе азаматша. Елімізде балалар құқығы заңмен қорғалады. Кез - келген бала орта білім алуға, ақылы немесе мемлекет бөлетін грантпен жоғары білім алуға, өзі қалаған мамандық иесі атануға, мемлекеттік жұмыспен қамтамасыз етілуге, ата - анасынан айрылған балалар мемлекеттік жәрдемақы алуға, белгілі бір қоғамдық орындарда жеңілдіктерге ие болуға (мысалы,қоғамдық көліктерде төленетін жолақы жеңілдіктері т.б),тегін медициналық көмек алуға құқылы.
Балалардың құқығын қорғау мақсатында "1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні" деп жарияланған. Бұл мереке әрбір жерде аталып өтіледі. Бұл кезде демалысқа шыққан мектеп оқушылары мектеп лагеріне шақыртылады. Сонымен қатар, балаларға арналған түрлі мерекелік іс-шаралар, ойындар өткізіледі. Біздің мектеп қос тілді (қазақ және орыс) мектеп болған соң,біздегі түрлі мерекелік іс - шаралар,ойындар, лагерь екі тілде өткізіледі. Бала ұлтқа, нәсілге бөлінбейді. Барлығы бір атқа ие: ол - бала.
Бала тілі - бал. Ересек адамдарға қарағанда, балалар үнемі шындықты айтады. Ақылды, тәрбиелі, білімді бала тәрбиелеу - ата - ана мен ұстаз жетістігі. Ел болам десең, бесігіңді түзе. Сондықтан, жақсы ұрпақ тәрбиелеу - ертеңгі болашағымыздың кепілі. Балаларды қорғау, аялау, жақсы көру - бар адамзаттың міндеті.