Астананың «Барысы» Континенталды хоккей лигасының (КХЛ) тұрақты чемпионатындағы сыртқы матчта Магнитогорскінің «Металлургінен» жеңіліс тапты. Магнитогорскіде өткен кездесу 3:0 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ойынның тағдыры бірінші кезеңде-ақ шешілгендей болды. «Металлург» хоккейшілері жеті минут ішінде астаналық команданың қақпасына үш шайба соқты.

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Никита Михайлис соққан үшінші шайбадан кейін «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец қақпашы Хантер Шепардты ауыстыруға шешім қабылдады. Оның орнына алаңға Андрей Шутов шықты.

Екінші және үшінші кезеңдерде қазақстандық клуб айырмашылықты қысқарта алмады. Алаң иелері де көзге түспеді, үш шайбалық басымдықты соңғы ысқырыққа дейін сақтап қалды.

Осылайша, «Барыс» 0:3 есебімен құрғақ жеңіліске ұшырады.

Астаналық команда келесі матчын 20 қыркүйекте Ярославльде жергілікті «Локомотивке» қарсы өткізеді. Кездесу 19:00-де басталады.