Қазақстандық еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек жастар арасындағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Финалда ол америкалық Аарон Джеймс Сейдельден 0:7 есебімен ұтылып қалды. Спортшы 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті... деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Финалға дейін Асамбек Қытай, Украина және Ресей балуандарын тізе бүктіріп, үш кездесуде де 10:0 есебімен басым түсті. Жартылай финалда қазақстандық жапондық Ицуки Йонаширомен кездесіп, тартысты бәсекеде 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Сол күні 68 келіге дейінгі салмақта қазақстандық спортшы Улдана Тилеухан қола жүлдені қанжығасына байлады. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде украиналық Александра Рыбакты 4:2 есебімен ұтты.

Осыған дейін Братиславадағы турнирде Қазақстанның жалғыз медалі грек-рим күресінен 67 келіде сынға түскен Қызыбек Қалмағамбетовтің алтыны болатын.

Халықаралық күрес федерациясының (UWW) қолдауымен өтіп жатқан әлем біріншілігі Словакия астанасында өтуде. Оған 700 жас спортшы қатысып, күрестің үш түрінен — грек-рим, еркін және әйелдер күресінен — 120 жүлде жиынтығын сарапқа салуда.

Бұл жарыста Қазақстан намысын 30 спортшы қорғап жатыр: 20 жігіт және 10 қыз. Турнир 23 тамызда аяқталады.