Жапонияда өтіп жатқан X Жазғы Азия ойындарында қазақстандық ауыр атлет Бексұлтан Айтбай 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жетінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жұлқылау жаттығуында қазақстандықтың екі әрекеті сәтті болды: біріншісінде 132 келіні, үшіншісінде 135 келіні көтерді. Екінші жаттығу — серпілуде Айтбай үшінші әрекетінде 177 келіні тіркеді. Ал болашақ жүлдегерлер 195 және 200 келіден бастаған.
Қорытынды хаттамада қазақстандық тоғыз қатысушының ішінен жетінші сатыдан орын алды.
Азия ойындары-2026. 26 қыркүйек. Ауыр атлетика. Ерлер. 75 келіге дейін:
1. Рахмат Эрвин Абдулла (Индонезия) — 366 (160+206).
2. Вирафон Вичума (Тайланд) — 365 (160+205).
3. Чон Сон Ри (КХДР) — 357 (162+195).
…7. Бексұлтан Айтбай (Қазақстан) — 308 (135+173).
Қазақстандық ауыр атлеттер Азиада тарихындағы медаль саны бойынша алтыншы орында тұр. Алтын медальдарды әр жылдары Андрей Макаров (1994, 1998), Илья Ильин (2006, 2010), Сергей Копытов (1994), Вячеслав Ню (1994), Бақыт Ахметов (2002), Сергей Филимонов (2002), Вячеслав Ершов (2006), Майя Манеза (2010), Светлана Подобедова (2010) және Маргарита Елисеева (2014) жеңіп алған.
X Жазғы Азия ойындары ресми түрде 19 қыркүйекте ашылды және 4 қазанда аяқталады. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыстарда 460 комплект медаль сарапқа салынуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы сынға түсуде.
Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева. Құрама қоржынына бесінші алтынды ММА сайыскері Еркінғали Бүркіталин қосты. Алтыншысын — аралас жекпе-жектегі командаласы Қадырбек Шынбаев. 23 қыркүйекте Луценко АИ-2026-ның екі дүркін чемпионы атанды. Сегізінші жоғары сынақты 24 қыркүйекте ерлер арасындағы жұп ескекті қайық жарысында Владислав Яковлев пен Иван Чернухин жеңіп алды.
Ойындардың алты күнінен кейін Қазақстан бейресми медаль есебінде төртінші орында болды.


