Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Көлік министрлігі ұжымына жаңа басшы — президент жарлығымен премьер-министрдің орынбасары — көлік министрі қызметіне тағайындалған Әсел Жанасованы таныстырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үкімет басшысы Нұрлан Сауранбаевқа елдің көлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, Әсел Жанасованың мол тәжірибесін атап өтті. Ол әр жылдары «Зерде» холдингін және «Қазпошта» АҚ-ты басқарған, сауда және интеграция вице-министрі, президент кеңесшісі, президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Олжас Бектенов сала алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында белгіленген ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
«Келесі жыл президент жариялаған ауқымды құрылыс жылы, оның ішінде көлік инфрақұрылымы бөлігінде де. Міндеттер айқын. Елдің географиялық орнын ескере отырып, әлеуетті барынша пайдалану қажет. Келесі жылы көлік саласының барлық бағыттары бойынша ірі жобаларды тапсыру жоспарланған. Сапалы әрі уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету керек», — деді үкімет басшысы.
Көлік министрлігінің негізгі басымдықтары қатарында жергілікті және республикалық маңыздағы автомобиль жолдары құрылысының жоғары сапасын қамтамасыз ету, жол бойы инфрақұрылымын дамыту, 2027 жылы автомобиль өткізу пункттерін реконструкциялауды аяқтау және тұтастай алғанда Қазақстанның Еуразияның негізгі көлік-логистикалық хабы ретіндегі ұстанымын нығайту белгіленді.


