Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
Белгілі академик Сейіт Қасқабасов дүниеден өтті

Қазақстан ғылымы мен әдебиеттану саласына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, фольклортанушы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов өмірден озды.

Сейіт Қасқабасов 1940 жылы 24 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болған ол 1964 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын үздік тәмамдап, ғылым жолындағы сапарын бастады. Ғалым өзінің еңбек жолында түрлі маңызды қызметтерді атқарды. Ол — Қазақстан Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығыстану факультетінің деканы, сондай-ақ Ұлттық Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерінде жемісті еңбек еткен.

Академиктің қазақ әдебиеті мен халық ауыз әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі орасан. Оның ғылыми мұрасы қазақ фольклоры мен халық прозасының қыр-сырын ашып көрсетуге бағытталған. Сейіт Қасқабасовтың қаламынан «Казахская волшебная сказка», «Қазақтың халық прозасы», «Колыбель искусства», «Казахская несказочная проза», «Абай және фольклор», «Золотая жила», «Жаназық», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» атты монографиялар мен зерттеулер дүниеге келген. Ол — 300-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 ірі монографияның авторы.

Сейіт Қасқабасовтың еңбектері қазақ халқының ауыз әдебиетін жаңа қырынан зерделеуге, ұлттық мәдениеттің тамырын терең түсінуге жол ашты. Ол өз ізбасарларына мол мұра қалдырып, ғылым мен өнердің дамуына сүбелі үлес қосты.

Белгілі ғалымның өмірден өтуі қазақ ғылымы мен руханияты үшін орны толмас ауыр қаза болды.

Марқұмның отбасы мен жақындарына Infohub.kz сайты атынан қайғыра көңіл айтамыз.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама