Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева Сен-Тропеде өткен WR Women's Chess Tour 2026 блиц-турнирінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды infohub.kz.

Франциядағы жарыста гроссмейстер «армагеддон» барысында украиналық Мария Музычукты жеңіп шығып, кейін неміс Элизабет Петцті тізе бүктірді.

Осы нәтижелердің арқасында Асаубаева финалға шығып, онда тағы бір украиналық Анна Музычукпен кездесті. Шешуші бәсеке қазақстандық шахматшының 1,5:2,5 есебімен жеңілуімен аяқталды.

Осылайша, Асаубаева күміс жүлдені қанжығалады. Бір күн бұрын ол рапид-турнирдің чемпионы атанған еді, яғни шахматшы Сен-Тропеде «алтын дубльге» жете жаздады.

«Осы нәтижелердің арқасында мен биылғы жылдың қараша айында Германияда өтетін финалға жолдама алдым. Турнирге мен АҚШ-тағы Cairns Cup аяқталған соң бірден ұшып келдім, сондықтан соңғы апталар өте қарқынды өтті – көп шахмат, ұшулар және эмоциялар», – деді Асаубаева өзінің Instagram-парақшасында.

АҚШ-тағы Cairns Cup-та қазақстандық шахматшы қола жүлдеге ие болды.