127 мыңнан астам талапкер нәтижелерін 7 тамызда біле алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарын беру конкурсының қорытындысы 7 тамызда сағат 15:00-де жарияланады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, республикалық комиссия мемлекеттік білім гранттарын бөлуді аяқтаған. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, білім саласындағы кәсіподақтардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және ЖОО қауымдастығының өкілдері енді.

«Биыл конкурсқа 127 мыңнан астам өтінім түсті. Талапкерлер арасында „Педагогикалық ғылымдар“, „Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары“ және „Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар“ бағыттары ең танымал болды», — деді Саясат Нұрбек.

Министр сондай-ақ биыл болашақ аудармашыларды, дипломаттарды, заңгерлерді, психологтарды және педагогтарды дайындайтын білім бағдарламаларына ең жоғары конкурс күтілетінін атап өтті.

Мемлекеттік білім гранттарының иегерлерінің тізімі 7 тамызда сағат 15:00-де Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпараттық ресурстарында, сондай-ақ ведомство басшысының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.

Министрлік жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылдың 25 тамызына дейін жалғасатынын еске салды.

«Құрметті талапкерлер! Ересек өмірге қадам басқан жолдарыңыз жарқын жетістіктерге, жаңа мүмкіндіктерге және үлкен табыстарға толы болсын. Шын жүректен еңбектеріңіздің ақталып, әрқайсыңыз армандаған университетіңіздің студенті атанасыздар деп тілеймін», — деді министр болашақ студенттерге.