Қазақстанда азаматтардың кезексіз және көші-қон қызметі мамандарының қатысуынсыз паспорт пен жеке куәлік рәсімдеуіне мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылады. Бұл ХҚКО-дарға орнатылатын биометриялық терминалдардың арқасында мүмкін болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығы «Әділет» АЖЖ сайтында жарияланды. Құжат «Биометриялық құжаттандыру терминалы» кешенін пайдалана отырып, ҚР азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібін реттейді.

Терминалдар Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы, облыс орталықтарындағы және Байқоңырдағы «Азаматтарға арналған үкімет» фронт-офистерінде орнатылады. Оларды 28 тамыздан бастап пайдалануға болады.

Маңызды шарт: терминал арқылы жеке куәлікті тек оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда ғана алуға болады. Бұл ретте қызмет қолданылу мерзімінің аяқталуына 30 күнтізбелік күннен аспайтын уақыт қалғанда немесе мерзім 10 күннен аспайтын уақытқа өткенде ғана қолжетімді. Басқа жағдайларда жүйе өтініш берушіге ХҚКО-ға жүгіну қажеттігі туралы хабарлайды.