Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бірінші лирикалық шегініс

Мен Алматыға «Қазақстан пионері» газетіне редактор болып келдім. Келгім келмеді: бұрын газет-журнал редакциясында басшы қызметте болмағасын, жүрексіндім, әрі ауыл-ел шалғай - Гурьев қайда, Алматы қайда?! - анам болса, жасы келген адам, Айбар кішкентай, әйтеуір не керек, жалғыз өзім шіріген жұмыртқадай сезініп, астанаға келдім. Бар танитыным - «Лениншіл жас» газетінің ұжымы. Ең алдымен өзім меншікті тілшісі болып істейтін «Лениншіл жастың» жаңадан келген редакторы, яғни өзімнің бастығым Сейдахмет ағаға (Бердіқұлов) сәлем бердім. «Сені Қазақстан пионеріне» редактор болса деген ұсыныс бар», - деп, ағай өзі бұрын басшылық еткен пионер газетінің қызметкерлерімен сырттай таныстырды. «Алматыдан адам табылмағандай, түу Гурьевтен әкелулеріне қарағанда, республика басшыларының біреуінің бірдеңесі болды ғой шамасы», - деп, тосырқағандар да кездесті. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен идеологиялық хатшы Кеңес Аухадиев - екеуі де өте жылы ниетпен қарсы алды.

- Сенің «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы меншікті тілшісі қызметінде жүріп жазған мақала, очерктерің, көтерген мәселелерің бізді де ойландырды. Республиканың пионер, комсомол баспасөзінде басшы қыздар жоқ, сондықтан өзіңді ұсынып отырмыз, - десті.

Сонымен, астанадағы өмір басталды. Жаңа ортаның психологиялық салмағы жеңіл емес екен. «Лениншіл жастың» тілшісі бола жүріп, біраз өлеңдер жазғам, олар республикалық «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында басылды. «Мазасыз шақ» деген өлеңдер жинағымды «Жазушы» баспасына тапсырдым. Бір күні Ақұштап (Бақтыгереева) келіп:

- Сенің кітабыңның редакциялық талқылауы болатын көрінеді, соған келсін деп жатыр, - деді. Екеуміз бардық. Баспаның поэзия бөлімінің меңгерушісі Қадыр Мырзалиев те, менің кітабымның редакторы Сағи Жиенбаев екен.

Менің редакциялық кеңес, талқылау дегеннің не екенінен хабарым жоқ. Ол кезде «Жазушы» баспасы Коммунистік проспектісінің бойында, Қазақстан Жазушылар одағы үйінің бірінші қабатында болатын. Менің кітабымды талқылау басталды. Марқұм Шәміл Мұқамеджанов, Ғафу ағамыз келді. Бір кезде есікті айқара ашып, еңгезердей, қызыл шырайлы жігіт кіріп келді. Бұған дейін көрген емеспін, бірақ тани қойдым - Мұқағали Мақатаев. «Жұлдыз» журналында қызмет істейді деп Ақұштаптан естігем. «Қарлығашым, келдің бе?» кітабы арқылы сырттай жақсы көретінмін. Отырды. Жұрт сөйлеп жатыр. Сағи ағамыз:

- Фаризаның өлеңдері тым анайы, ой, сезімін тым ашық айтады, ал бұл шығыс әйеліне жат қылық. Мысалы:

«Адам деген бақыттан тұншығады, ә –

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

Ай жатыр шалқасынан», -

дейді. Яғни, Айдың қымсынуына қарағанда, лирикалық екі кейіпкер кісі қызығарлық іс істеп отырмаған болу керек, - деп, тағы көп-көп мысал келтірді. Бір кезде Мұқағали орнынан атып тұрып:

- Әй, Қадыр! Сағи! Мына қыз (бұрышта адамдардың арасына түскен тағы мысықтай бүрісіп отырған мені сұқ саусағымен шұқшия нұсқады) күні ертең сендерді ұрып кетеді (шамасы, «жер соқтырады» деп тұрғаны-ау деп ұқтым). Бетің құрсын, кәпір! - дегені! Сүйтті де: - Әуелі осы қыздай өлең жазып алыңдар! - деп есікті тарс жауып шығып кетті. Не жыларымды, не күлерімді білмей, бетің құрсын дегені несі деп аласапыран ойлармен мен отырмын. Ақұштап:

- Сен көңіліңе алма - оның жақсы көргені солай, «сүйген құлын шұнағым дейдінің» кері ғой, - деп сыбырлады.

Менің Мұқағали ақынмен алғашқы кездесуім еді бұл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама