Қазақстанда «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау басталды — өтінімді eGov порталы арқылы беруге болады. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығы еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Орталықтың ресми Telegram-арнасында жазылғандай, қазақстандықтар «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына өтінімді 2026 жылғы 16 қазанға дейін бере алады.

«Өтінімдер eGov.kz порталы арқылы қабылданады. Кандидаттарға қойылатын талаптар, басым мамандықтар және бағдарламаға қатысатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі туралы толық ақпарат Bolashak.gov.kz сайтында қолжетімді. Өтінім беру мерзімін өткізіп алмаңыздар!» — деді Орталықта.

Сондай-ақ шетелде ғылыми тағылымдамадан өту конкурсына құжаттар 2026 жылғы 30 қазанға дейін қабылданатыны атап өтілді.

Еске салайық, «Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау Қазақстанда 16 наурызда басталған болатын. 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 635 стипендия бөлінді. Оның ішінде: бакалавриат бағдарламасы бойынша — 20 стипендия, магистратура бойынша — 400 стипендия, докторантура бойынша — 50 стипендия, тағылымдамалар бойынша — 165 стипендия.