Батыс Қазақстан облысында ер адам құдыққа құлап, сынған шыны бөтелкенің мойнына қадалды. Зардап шеккен адамды дереу ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҚР ІІМ-нің «Новости ІІМ РК» Telegram-арнасында мәлім еткендей, Подстепное — Илек автожолында патрульдеу кезінде БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне көлік жүргізушісі жүгінген. Ер адам көлік салонында шұғыл медициналық көмек қажет жаралы адамның бар екенін айтқан.

Анықталғандай, Қаратөбе ауданының тұрғыны құдыққа құлап, сынған шыны бөтелкенің мойнына қадалып, кеудесінен ауыр жарақат алған. Шыны сынықтары тері астына кірген.

«Зардап шеккен адамның айтуынша, ол шамамен 1-1,5 литр қан жоғалтқан. Ер адам басы айналып, қатты әлсіздікке шағымданды», — деп хабарлады полицияда.

Оның жағдайын бағалап, әр минуттың қымбат екенін түсінген инспекторлар Ринат Бигалиев пен Айбар Рашидов ер адамды дереу қызметтік көлікке отырғызып, қалалық көпбейінді ауруханаға жедел жөнелтті.

Полицейлердің батыл әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында зардап шеккен адам медициналық мекемеге уақытында жеткізіліп, оны дереу операция бөлмесіне жіберді. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.