Батыс Қазақстан облысында жұбайының жүйелі түрде ішімдік ішуі мен агрессивті мінез-құлқына байланысты отбасы ыдырады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Облыстық соттардың Telegram-арнасында мәлім болғандай, талап қоюшы әйел сотқа некені бұзу туралы арызданған. Ол өз талабын жауапкердің үнемі ішімдік ішіп, агрессивті мінез көрсетуі жиі жанжал мен ұрыс-керіске әкеліп соғатынын алға тартып негіздеген. Талап қоюшының пікірінше, мұндай жағдай кәмелетке толмаған балалардың психологиялық және физикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Жұбайлар 2019 жылдан бері некеде тұрған. Отбасында алты, үш және бір жасар үш бала тәрбиеленуде.

Сот отырысында жауапкер ішімдік ішетінін мойындап, отбасын сақтап қалғысы келетінін айтып, татуласу үшін қосымша уақыт сұрады. Алайда сот белгілеген мерзімде тараптар татуласпады.

Сот 2026 жылғы 23 мамырдан бастап жұбайлар бірге тұрмайтынын, ортақ шаруашылық жүргізбейтінін, отбасылық қатынастар тоқтағанын анықтады. Талап қоюшы некені бұзуды талап етті.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына сәйкес, егер сот берген мерзім өткен соң жұбайлар татуласпаса және олардың кемінде біреуі некені тоқтатуды талап етсе, сот некені бұзады.

Кәмелетке толмаған балалардың мүддесін ескере отырып, сот олардың тұрғылықты жерін анасымен бірге анықтады. Сонымен қатар сот бөлек тұратын ата-ананың балалармен қарым-қатынас жасауға құқылы екенін және оларды тәрбиелеуге қатысуға міндетті екенін түсіндірді.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес ата-ана өзінің кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Үш және одан да көп балаға алимент ата-ананың жалақысының және (немесе) өзге де табысының жартысы мөлшерінде өндіріледі.

Осыған байланысты сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына үш кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент өндірді. Алимент өндіру туралы шешім дереу орындалуға жатады.

Жұбайлар ортақ мүлікті бөлу туралы талап қоймаған. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.