БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасын қолдап, 22 сәуірді Халықаралық көгалдандыру күні деп жариялады, деп хабарлайды infohub.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан ұсынған резолюцияны қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық көгалдандыру күні деп жариялады. Атап өтілгендей, Халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының жалпы дебаттары барысында көтерген. Резолюцияның тең авторлары 32 мемлекет болды.

"Резолюцияның қабылдануы Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге, қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желектерді кеңейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіруге қосқан тұрақты үлесін көрсетеді", - деп қосты министрлікте.

Ведомствоның айтуынша, құжат әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және аймақтық ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды тиісті іс-шаралар мен бастамалар өткізуге ынталандыруға бағытталған.