Бокстан олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов алкогольге тәуелділігі туралы ашық мәлімдеген соң емделе бастағанын хабарлады. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасының stories бөлімінде жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Міне, қазір емделе бастадым, тек тамшылатып қана емес, толық — кешенді түрде. Меніңше, бәрі жақсы болады», — деп келтіреді оның сөзін NUR.KZ.

Елеусінов сондай-ақ жанкүйерлеріне кейбір айтқан сөздеріне мән бермеуді сұрады. «Егер біреуді ренжітсем, қатты сөздер айтсам, кешіріңіздер, кімде болмайды дейсіз, менің бір жаман әдетім бар — тікелей эфирге шығамын. Бірақ енді бұлай болмайды деп ойлаймын. Бұл дерттен арылуға байыпты ниеттендім. Жақында сапқа ораламын, бұрынғы Данияр — көңілді, бақытты қалпына келеді», — деді олимпиада чемпионы.

Еске салайық, шілде айының басында Данияр Елеусінов қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Сонымен қатар, астаналық полиция оның ЖКО-дан кейінгі ұсталу барысын көрсетті. Осы оқиғалардан кейін бокстан олимпиада чемпионы алғаш рет алкогольге қатысты мәселесі туралы ашық мәлімдеп, жанкүйерлеріне жүгінді.