Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарында қазақстандық триатлоншы Диана Ержанова әйелдер арасындағы жеке сайыста 17-орынға тұрақтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ержанова қашықтықты 1 сағат 4 минут 13 секундта жүзіп өтті. Жеңімпаздан қазақстандық спортшы 6 минут 36 секундқа қалып қалды.

Алтын медальді 57 минут 37 секунд нәтижесімен қытайлық Линь Синью жеңіп алды. Екінші орынды оның отандасы Хуан Аньци иеленді – 57:58. Қоланы жапониялық Манами Хаяси алды – 58:36.

АЗИАДА-2026
20 қыркүйек. Триатлон. Әйелдер

🥇 1. Линь СИНЬЮ (Қытай) – 57:37

🥈 2. Хуан АНЬЦИ (Қытай) – 57:58

🥉 3. Манами ХАЯСИ (Жапония) – 58:36

…17. Диана ЕРЖАНОВА (Қазақстан) – 1:04.13

Әйелдер арасындағы жеке триатлон Гамагориде өтті. Спортшылар 750 м жүзу, шамамен 20 км велосипед тебу және 5 км жүгіру қашықтықтарын бағындыруы тиіс болды. Жарысқа 29 қатысушы мәлімделді.

Бұған дейін ерлер триатлонында Арлан Жанабай Қазақстанға Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы медалін әкелді. Екінші қазақстандық Аян Бейсенбаев тоғызыншы орынды иеленді.

Кейінірек велосипедші Рината Султанова Ойындарда Қазақстанның алғашқы алтынын жеңіп алды. Ол жекелей бөлек старттық жарыста 36 минут 23,72 секунд нәтижесімен жеңіске жетті.

Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары кеше, 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 217-сі – ерлер, 204-і – әйелдер және 39-ы – аралас разрядтар арасында. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді. Азиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасының сапында 559 спортшы өнер көрсетеді.