Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мехикоға келді. Ол 19 және 20 қарашада DIMENSIONS әлемдік туры аясында екі үлкен концерт береді. Жанкүйерлер оны әуежайда ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дәл бір жыл бұрын Мексика астанасында Димаштың жанкүйерлерімен эмоцияға толы кездесуі өткен болатын. Бұл жолы да фанаттар оның жаңа сапарын асыға күтті. Әуежайда олар әншіні шапалақтап, есімін ұрандатып қарсы алды.

«Димаш, бауырым! Енді сен мексикалықсың!» — деп айқайлады олар қолдарына Қазақстан мен Мексика туларын ұстап.

Әнші отырған көлік жанкүйерлердің ортасында қалғанда, Димаш люкті ашып, көлік төбесіне көтеріліп, жанкүйерлеріне жылы лебізін білдірді.

«Мұны көру қандай жағымды, сені қарсы алып жатыр, ал қуанып жүрген — мен. Аллаһ сені қорғасын, Димаш!» — деп бейнежазбаға алғашқылардың бірі болып Арман Давлетяров жауап берді.

«Сенің осында болғаныңа қандай қуаныштымыз!», «Сізді қатты жақсы көреді, бұл — даусыз факт! Әркім сізге қол тигізіп, сезінгісі келеді — міне, Димаш, ол ет пен қаннан жаралған», «Мехико тарапынан осындай ыстық қарсы алу, осындай махаббат — керемет. Сәттілік, қымбатты Димаш», «Махаббат көп болмайды», — деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.