Астанада Дунга мұнай-газ кен орны бойынша жылдарға созылған дау ресми түрде реттелді — тиісті келісімге Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде қол қойылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Дунга кен орны бойынша өнімді бөлу туралы келісімдегі (ӨБК) даулы мәселелерді реттеу жөніндегі құжатқа ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен оператор компания — Dunga Operating GmbH-тың бас директоры Нұржан Әбдірахманов қол қойды. Қол қою рәсіміне «PSA» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ уәкілетті органының өкілдері қатысты.

Әрі қарай келісім консорциумның шетелдік серіктестері — Oman Oil Company Limited және PTTEP Corporation компанияларына қол қоюға жіберіледі.

«Қол қойылған келісім тараптардың Контрактордың жекелеген тарихи шығындарын өтеуге қатысты көпжылдық келіспеушіліктеріне түпкілікті нүкте қояды. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанның пайдасына келісілген қаржылық өтемақы төлеуді, сондай-ақ активті игеруге ауқымды инвестицияларды жалғастыруға жағдай жасауды көздейді», — деп атап өтті министрлікте.

Даудың реттелуі кен орнын игерудің 2026–2039 жылдарға арналған жаңа жоспарын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Құжат 67,4 млн баррель мұнай өндіруді және ауқымды күрделі және операциялық инвестицияларды тартуды көздейді.

«Дунга кен орны жоғары әлеуетке ие және елдің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы зор. Жобаның дамуына ұзақ уақыт бойы өтелмейтін шығыстарға қатысты жинақталған даулы мәселелер кедергі келтірді. Қол жеткізілген уағдаластықтар ұзақ сот рәсімдерінсіз мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға мүмкіндік беріп, жаңа инвестициялық циклге жол ашады. Келісімге қол қою жер қойнауын ұтымды әрі ұзақ мерзімді игерудің негізі болып, экономикамызға айтарлықтай пайда әкеледі», — деп атап өтті ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.