- 11 қар. 2019 00:00
- 274
Дүниедегі қазына не?
Арқада Алтынбек деген батырдың асы болып үш жүздің баласына түгел сауын айтыпты. Асқа жора-жолдастарымен Өтеген де келеді. Ол алдымен «ханға сәлем берейін» деп Абылай отырған үйге бұрылады. Хан алты қанат ақ үйде тоқсан тоғыз бимен әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Үй сыртынан ат үстінде тұрып тыңдаса, Абылай:
— Билерім, дүниедегі қазына не? — деп сұрапты.
Билердің біреуі: «Қазына — қорадағы қой, өрістегі жылқы» десе, енді біреулері: «алтын, күміс, асыл тас — таусылмас қазына» дейді.
Абылай билердің сөзіне разы болмай, басын шайқайды.
Билер Абылайға: «Тақсыр, сөзіңіздің жауабын таба алмадық, шешуін өзіңіз айтыңыз», — дейді.
Осы кезде Өтеген ат үстінде тұрып:
— Уа, сөйлес, — дейді.
— Сөйлесең, сөйле, — деп шуылдайды үйде отырған билер. Сонда Өтеген:
— Аузын буған тоқсан тоғыз өгіз жоғалтып жүрмін, — депті.
Абылай Өтеген батырдың даусынан танып:
— Мынау ұлы жүздегі Өтеген батыр ғой. Аттан түсіріп, үйге кіргізіңдер, — дейді де билерге: — шуылдамай тыныш отырыңдар, оның аузын буған тоқсан тоғыз өгіз дегені — сендерсіңдер. Жаңағы дүниедегі қазына не деген сөздің шешуін енді Өтегеннен сұрайық, — дейді.
Өтеген үйге кірген соң Абылай оң жағынан орын береді де:
— Батыр, естіген сөзіңнің шешуін өзің айтшы, — дейді. Өтеген сонда ойлы көзбен отырған топты шолып шығып:
— Қой жинасаң, қорада, үй жинасаң, түйеде, түйе жинасаң, қияда қалады. Жылқы жинасаң, дабылмен айдауға кетеді, ысқырса, жаудікі болды. Дүниедегі таусылмас қазына халық болады, — деген екен.
Осыны айтып болған соң Өтеген басындағы бөркін шешіп, қасына қояды. Абылай да бөркін алып, Өтегеннің бөркінің үстіне кигізіп қояды. Бөрікке бөрік киілген соң, Өтеген батыр екі бөрікті қабаттап ұстап:
— Корықпа, бөркім, қорықпа! Іші жоқ деп, іштеп берді. Тысы жоқ деп, тыстап берді бұл ханың. Хан бергенін қайтып алса, болады, қара бергенін қайтып алса, бала болады, — деп екі бөрікті қабаттап басына киіп алыпты.