«Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін квотамен жасалған экстракорпоралдық ұрықтандырудың арқасында Қазақстанда 15 мыңға жуық бала дүниеге келді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Алматы қаласының бала құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, сұраныстың жоғарылығына байланысты мемлекет жыл сайынғы квота санын көбейтті — қазір жылына 7 мыңға дейін ЭКО квотасы бөлінеді.
Ведомство көптеген отбасы үшін бұл — ата-ана атанудың жалғыз мүмкіндігі екенін атап өтті, себебі қымбат процедураны мемлекет толығымен төлейді.
Тағы бір маңызды жаңалық — болашақ аналарға арналған «Бір күндік клиника» іске қосылды. Осы форматта кабинеттерді аралап әуре болмай, алғашқы кешенді скринингтен 66 мыңнан астам жүкті әйел өтті.
«Бір күндік клиника» форматы жүкті әйелдерді қысқа мерзімде кешенді тексеруден өткізуге, асқыну қаупін азайтуға және патологияларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы Қазақстанда 2021 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталды. Бағдарлама аясында ЭКО квотасының саны жеті есеге артты. Оны жүзеге асыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі елдің жетекші бейінді мамандарын тартып, жұмыс тобын құрды.
Еске салайық, ЭКО-ға жолдама алу үшін тіркелген жердегі емханаға барып, тексеруден өтіп, белгілі бір талдауларды тапсыру қажет. Бедеулік диагнозы қойылған соң арнайы комиссия экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасына жолдама береді.


