Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың ашық чемпионаты-2026 басында Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) тірі рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ағымдағы есептеулер бойынша, Рыбакинаның еншісінде 7911 ұпай бар. Екінші орынға беларусьтік Арина Соболенко түсті, оның 6585 ұпайы бар. Алайда турнир басталғанға дейін жарияланған ресми WTA рейтингінде Соболенко 8575 ұпаймен бірінші, ал Рыбакина 8141 ұпаймен екінші орында тұр.
US Open алдында теннисшілердің 2025 жылғы турнирдегі өнерлері үшін ұпайлары есептен шығарылды. Қазіргі чемпион Соболенко 2000 ұпай жоғалтты, ал Рыбакинаның ұпайы айтарлықтай аз алынып тасталды. Дәл осы жағдай қазақстандық өкілге биылғы US Open аяқталмай жатып тірі рейтингте бірінші орынға шығуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, тірі рейтинг — бұл теннисшілердің ағымдағы турнирлік апта барысында өзгеріп отыратын нәтижелері мен ұпайларын ескере отырып жасалған алдын ала есептеу.
Дегенмен Рыбакинаның тірі рейтингтегі бірінші орыны әзірге әлемнің бірінші ракеткасы ресми мәртебесін білдірмейді. Қорытынды орындар US Open нәтижелеріне байланысты болады. WTA есептеулері бойынша, Рыбакинаның жартылай финалға шығуы оған қарсыластарының нәтижелеріне қарамастан ресми рейтингте бірінші орынды кепілдендіреді.


