Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын шығарды. Ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралып, жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2026 жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге қарастырылған. 4,6 млн адам зейнетақы мен жәрдемақылармен қамтамасыз етілген, жалпы төлем көлемі 3,3 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері 250 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылса, тағы 245 мың азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 607 тексеру жүргізіп, оның барысында еңбек заңнамасының 4 мыңнан астам бұзушылығы анықталды. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Медициналық-әлеуметтік сараптамалардың 45%-дан астамы сырттай форматта жүргізілуде. Цифрландырудың арқасында 9 мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.