- 18 қыр. 2023 00:00
- 244
Ер Жауғаш
Жауғаштың қолбасшылығымен өткен бір ұрыста қалмақтар «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен жерге қосын тігеді.
Бұл уақытта қырғыздың Садыр деген манабы Талас пен Сыр аралығындағы елді-мекендерді шауып, өзіне бағынышты етуде деген хабар жетеді. Осыған байланысты Абылай қалың қолымен қазақтарды қырғыз басқыншылығынан азат ету үшін оңтүстік өңіріне келеді. Хан Абылай Садырға бағынышты болған қазақ ауылдарын, содан кейін Садырдың өзін шабуға бұйрық береді. Жауғаш батыр мұндай әрекеттің асығыстау болатындығын, алдымен елші жіберіп көру керектігі жөнінде ұсыныс жасайды.
Абылай қалың қолмен келсе де, қырғыздарды бірден шаппай, Садырға бірнеше рет елші жіберетіндігі айтылады. Бұл елшіліктің екеуін де Жауғаш батыр бастап барған екен.
Садыр қазақтардың атынан келген елшіні астамшылдықпен қабылдайды. Елшінің сәлемін үйінде теріс қарап жатқан бойы артына қолын созып алмақ болғанда, Жаушы батыр да қолын бермей, қамшысының өрімін ұстатқан екен дейді. Алғашқы елшілік осылайша сәтсіз аяқталғаннан кейін, екі ел арасындағы қырқысты қайткен күнде де бейбіт жолмен шешуге бекінген Абылай хан Жауғаш батырды екінші мәрте елшілікке жұмсайды. Мұнда қырғыз манабы Садырға алғашқыға қарағанда нақты сөзін айтады:
— Жауласпаймын Садырмен,
Елдесемін Садырмен.
Таластың бойы тар жайлау,
Таласа барып жайлайық.
Қазы менен қартаны
Қия кесіп шайнайық.
Садыр бұл жолы да қиястықпен жауап беріп:
— Қоқи, елдеспеймін онымен,
Жауласамын ол құлмен.
Таластың бойы тар жайлау,
Таласа барып жайламан.
Қазы менен қартаны
Қия кесіп шайнаман.
Абылай деген кәрі құл...
Дулығасын киермін
Еңсесіне мінермін,
Кеудесіне сиермін, —
деп шалқақтайды. Екі елді елдестірудің мүмкін еместігіне көзі жеткен Абылай қырғыздарға қарсы соғысты амалсыз бастайды. Соғыста қолбасшылықты Жауғаш батыр атқарады. Бұл жолы соғыстың сұрапылдығы сонша — қазақ пен қырғыздың аузында «Жайыл қырғыны» деп аталып кеткен екен.
Оқуға кеңес береміз:
Алдияр батыр туралы