Елордада «Астана – есірткісіз қала!» атты тақырыптық жолаушылар пойызы жүре бастады. Ол күн сайын Астана – Бурабай бағытымен қатынайды. Жоба «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды infohub.kz.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз вагондары есірткіден бас тартуға, салауатты өмір салтын ұстануға және заңды сақтауға шақыратын ескерту жазуларымен және тақырыптық материалдармен безендірілген. Сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымы фактілері туралы хабарлауға болатын анонимді қызметтердің байланыс деректері орналастырылған.
Полицейлердің айтуынша, Астана мен Бурабай арасында қатынайтын пойыз мобильді профилактикалық алаңға айналады. Оны күн сайын жүздеген жолаушы пайдаланады, осының арқасында профилактикалық материалдар тұрақты түрде кең аудиторияны қамтып, салауатты өмірдің құндылығын, жеке жауапкершілікті және есірткіге төзбеушілікті еске салып отырады.
«Нұрлы жол» теміржол вокзалында да профилактикалық жұмыс жолға қойылған. Онда тақырыптық интерактивті аймақтар мен профилактикалық алаңдар ұйымдастырылып, спорттық және көрсетілімдік шаралар өткізіліп, ақпараттық экрандарда есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетілуде. Полициядағылар вокзал елорда тұрғындары мен қонақтары көп жиналатын орындардың бірі екенін, сондықтан мұнда профилактикалық жұмыс жүргізудің ерекше маңызы бар екенін түсіндірді.
Енді вокзал жолаушылары тақырыптық материалдарды үнемі көре алады, ал пойыздың өзі Астана – Бурабай бағыты бойынша профилактикалық миссиясын жалғастырады.


