Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан 2026 жылғы жастар Олимпиада ойындарында қазақстандық дзюдошы Фатима Супыгалиева чемпион атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Чемпиондық атақ үшін финалдық белдесуде Қазақстан өкілі португалиялық София Гаспармен кездесті. Айқас Супыгалиеваның мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды: қазақстандық спортшы нәтижелі әдіс жасап, иппон алды. Дзюдода бұл айқастың спортшының пайдасына бірден аяқталғанын білдіреді.

Жеңімпазды анықтау үшін финалистерге бар болғаны 2 минут 33 секунд қажет болды.

Осы табыстың арқасында Фатима Супыгалиева құрмет тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Қазақстан құрамасының медаль қоржынын жастар Олимпиада ойындарының алтын жүлдесімен толықтырды.

Еске салайық, IV жазғы жастар Олимпиада ойындары 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтіп жатыр. Олимпиада деңгейіндегі жарысты тарихта алғаш рет Африка құрлығы қабылдап отыр. Турнирге 14 пен 17 жас аралығындағы 2700-ге жуық спортшы қатысып, 25 спорт түрінен 153 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан атынан ойындарға 11 спорт түрінен 18 спортшы қатысуда.