Қазақстандық FlyArystan әуекомпаниясы Қытайға және Қытайдан ұшатын жолаушыларға шекарадан өту ережелерінің алдағы өзгерістері туралы маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2026 жылдың 15 қыркүйегінен бастап ҚХР-да кіру және шығудың жаңартылған ережелері күшіне енеді. Осыған байланысты иммиграциялық бақылаудан өту кезінде құжаттарды тексеру рәсімдері әдеттегіден ұзағырақ уақыт алуы мүмкін.
Әуекомпанияның баспасөз қызметі Қытайға баратын немесе елден ұшатын жолаушыларға сапарға қажетті барлық құжаттардың, оның ішінде паспорттың бар-жоғын және жарамдылығын алдын ала тексеруді, сондай-ақ ҚХР-ға кіру және шығу талаптарымен танысуды ұсынды. Әсіресе, әуежайда ұшудан кемінде үш сағат бұрын болу керектігі, паспорттық және иммиграциялық бақылаудан өтуге қосымша уақыт қажет екендігі атап өтілді.
FlyArystan Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим әлі де жарамды екенін еске салды. Қазақстан азаматтары бір сапар барысында ҚХР-да визасыз 30 күнтізбелік күнге дейін бола алады.


