«Бернли» бас бапкері Ники Хайен Чемпионшиптің оныншы турында «Чарльтонмен» 2:2 есебімен тең түскен ойынға көңілі толмайтынын білдірді. Оның командасы қосылған алтыншы минутта шешуші гол жіберіп, жеңісті қолдан шығарып алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Бұл түрлі сезімнің қосындысы шығар, бірақ ең алдымен — көңіл қалу. 95 минут 40 секунд бойы біз жекпе-жекке түсіп, екінші доптар үшін күресіп, соққыларды қайтардық. Бірақ ойын 96 минутқа созылды. «Дерби Каунтимен» ойында да осындай жағдай болған еді. 10 секундта төрт ұпайдан айырылдық. Мұндай қатал лигада төрт ұпайдың маңызы зор», — деп келтіреді Хайеннің сөзін Burnley Express.

«Бернли» «Чарльтонмен» кездесуде екі рет алға шықты. 36-минутта есепті Якоб Бруун Ларсен ашты, үзілістен кейін Кейн Рэмси теңдікті қалпына келтірді. 57-минутта Ларжи Рамазани қожайындарды қайта алға шығарды, алайда 90+6-минутта Иван Месик қонақтарға теңдік әперді.

Хайен екінші жіберілген голға дейінгі эпизодқа жеке тоқталды. Бапкердің айтуынша, «Бернли» бұрыштағы допты бақылап, екіге бір сандық басымдыққа ие болды, бірақ эпизодты соңына дейін жеткізе алмады.

«Мен нақты біреуге саусақ тіремеймін. Бірақ бізде ең қолайлы жағдай болды — алаң бұрышындағы аут лақтыру, екі ойыншы бір ойыншыға қарсы, басымдық біз жақта. Мұндай жағдайда аяусыз әрекет ету керек», — деді маман.

Бас бапкер команда ойынның соңын жақсырақ өткізуі керектігін қосты. Бұған дейін «Бернли» «Дербиден» де жеңісті жоғалтып, кездесудің соңында гол жіберген болатын (1:1).

«Күтпеген жағдайға дайын болу керек. Мұндай жағдайларды, әсіресе ойын соңында, жақсырақ басқаруымыз қажет. Қосылған уақытта жіберген барлық голды талдап шығуымыз керек», — деді Хайен.

Еске салайық, Дастан Сатпаев «Бернлидің» «Чарльтонмен» кездесуге өтінімдер тізіміне енбеді. Белгілі болғандай, 18 жастағы футболшының құқығы тиесілі «Челси» оның ойынға қатысуына рұқсат бермеген. Өткен турда Сатпаев жарақатынан кейін алаңға қайта оралып, «Уотфордты» жеңген ойында (4:0) өнер көрсеткен еді.

Он ойыннан кейін «Бернли» сегіз ұпай жинап, Чемпионшип кестесінде 21-орында тұр. Команданың есебінде бір жеңіс, бес тең ойын және төрт жеңіліс бар.