Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жәнібек батыр

Жәнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін, Қаракерей Соқырабыз дегенді іздеп келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе, қарттықтан екі жағын жібекпен таңып отырған кісі екен. Жәнібекті көріп:

— Сен қай ұлсың? — деді.

— Қошқар ұлымын, — деді.

— Қошқардың адам есті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба?—деді.

— Болармыз, — деді.

— Балам, не жұмысың бар, бұл жақта неғып жүрсің? — деді.

— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп жүр едім, — деді.

— А-а!!! Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап, би болайын деген ұл екенсің, алдыңа келсе әділдігіңді аяма — аймағың кетпес алдыңнан; қол бастап жол алайын деген ұл екенсің жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың кісіге — бір кісі олжа сала тұғын, олжаңды аямасаң — жолдасың қалмас жаныңнан. Жүз жиырма алтыға келіп отырмын, жас күнінде қалың бер де қатын ал, жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уақыты сол, қартайған соң өкінбе, ұлым. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең — таяғың, қарның ашса — тамағың.

Мұнан шығып, Кіші жүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келді. Келсе бидің елі қош екен, қош үстінде кез болып, сәлем беріп, ат үстінен көрісті. Мұнысын жақтырмай, бұл би де сұрады:

— Жаным, қай ұлсың?

— Қошқар ұлымын.

— Ұлым, неғып жүрсің?

Оған да айтты:

— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге, жолығып, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл сұрайын деп едім.

— Е! Е! Е! — деді ол. — Азуы алты қарыс арғынның Қошқарұлы Жәнібек, Алшынның бір алжыған шалын келемеж қылып кетейін деп едім десеңші.

Жәнібек:

— Мен сөз сұраймын деп келсем, көңілімді қайтарды ғой, — деп, атының басын бұрып алып жүріп кетті.

Анадай бара жатқанда, би:

— Ей, Жәнібек, — деп шақырды. Жәнібек артына қарады. Сонда би:

— Атыңның басын бұрма, солай тұр, жүзім кішілігінен бір ауыз сөзбен көңіліңді қайтардым. Өгізді өрге салма — қанатың талар, жаманға жүзіңді салма — сағың сынар, — деді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама