- 05 қыр. 2015 00:00
- 250
Жанжалсыз жанұя
Жанжалдардың көпшілігі болмашы себептен туындайды. Болмашы нәрсеге сын айту, кемшілік іздеу, ал екінші тарап бұл айтылғандарға артығымен жауап қайтару, соңы ашулануға, жанжалға ұласады.
Жанжалдарда екі тарап та менікі дұрыс деп тұрады. Ондай үйде жанжал біте ме?! Көбінесе жанжалдарда кінә екі жақтан да болады. Біреуі үндемей қоя салса, кешірім сұраса жанжал ұлғаймайды. Екі тарап та меніңкі дұрыс деп табан тіреген сайын жанжал бітпейді.
Ертеде өзара сыйластығымен татулығымен танымал болған отбасы болыпты. Ол үйде ұрыс-керіс болғанын ешкім көрген емес және расында да бұл отбасыда жанжал болмаған екен. Қартайған шағында кемпірі ауырып төсек тартып жатып қалады. Қайтатын күнінің жақындағанын сезген кемпір шалына қарап «Білесіз, осы күнге дейін мен сізден ешнәрсе жасырған емеспін, тек бір ғана құпия ұстаған дүнием бар еді», деп бір құтыны береді. Құтыда екі дана тоқылған шұлық және өте көп мөлшерде ақша бар еді. «Мен келін болып түскенде әжем күйеуіңе ашуланған кезіңде жауап қайтарма, ұстамды, сабырлы бол, ашуыңды басу үшін ұршық иір, шұлық тоқы деп өсиет айтқан болатын. Мына құты осы өсиеттің нәтижесі болып келген сыр еді» дейді. Шал: «Құтыда екі шұлық болғанына қарағанда сен маған өмір бойы екі-ақ рет ашуландың ба?» деп сұрайды. Кемпірі «Мына ақшалар сатылған шұлықтардан түскен табыс» деген екен. Мұны естіген жұбайы көз жасына ерік беріпті.