Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жанұядағы тәрбие

Отбасы – жеке тұлғалардың әлеуметтенуі мен өмірге қадам басуына, яғни оларды өмірге дайындайтын мектеп.

Отбасы өзгерістерге ашық табиғатты адамды сырттағы зиянды ықпалдардан қорғауды өзіне мақсат ететін болса, осындай отбасылар құрайтын қоғам мықты болмақ.

ХХІ ғасыр шектеулер азайып, ұлттық және рухани құндылықтарды қорғап қалу мейлінше қиындаған дәуір. Әлем жаһандануда. Әлемдегі ақпарат бірнеше секундта елімізге жете алады. Адамдар интернет арқылы кез келген сәтте іздеген мағлұматтарын таба алады. Тарихты да, әдебиетті де үйрене алады, сонымен қатар құмар ойнауды да, әдепке жат нәрселерді де көре алады. Жақсы ақпараттар алып жетілумен қатар жаман ақпараттар сіңіріп бұзылу да оңай. Бұзылудың, азғындаудың алдын алудың жалғыз амалы жұртшылыққа ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндіру. Міне осы тұрғыда жанұядағы тәрбиенің маңызы ерекше. «Баланы жастан» деген бабаларымыз. Яғни балаға жастайынан тәрбие беру қажет, ал үлкейгенде қанша талпынсаңда ұтымды нәтиже бермеуі мүмкін. Мысалы кішкентайынан ата-анасына «сен» деген, атымен шақырып өскен балаларға, үлкейгенде «сіз» деуді және «ана, әке» деп шақыруды үйрете алмаған отбасылар көп. Сондықтан адамдарға ненің жаман, ненің жақсы екендігін кішкентайынан үйрету керек. Заманымызда көп отбасылар бұған немқұрайлы қарауда. Жұмысын сылтау ететіндер, өзінің рахатымен әуре болатындар тәрбиелік міндетке келгенде осалдық танытуда. Тәжірибелік, тәрбиелік насихаттан махрұм өткен жастық, санасыз тұрғыда ағымдағы сыртқы ықпалдардың жетегінде қалуда. Осыны ескеріп әрқайсымыз өз отбасымызға, бала тәрбиесіне кішкентайынан көбірек көңіл аударсақ, бала-шағаның келешегіне және қоғамның гүлденуіне де үлес қосқан боламыз. 

Еркелікті қалыптастыратын әрекеттер:

● Балаларды өмір қиындықтарын ертегідей көрсетіп дайындай алмайсыз. Ренжіген кездері де болсын, ащы-тұщыны да көрсін, жығылғанда түрегелуді үйренсін, ойлансын. Осылайша мінез-құлқы күшейеді.

● Балаңыз мұғалімінен немесе басқа бір үлкеннен шағымданып келгенінде, болған оқиғаны толығымен тыңдамай тұрып, дереу қолды сыбап қорғаушы міндетке көшетін болсаңыз қате жасадыңыз деген сөз. Объективті болыңыз. Алдымен балаңызды тыңдаңыз, кейін қатысты кісіні.   

● Балаңыз ызаланған, ашуланған кезде ашумен жауап берсеңіз жаман әдетін мақұлдағанмен тең болады. Ұстамды болып, ашуының себебін түсінуге тырысыңыз.

● Балалар күнде қайталанатын рутинді мәмілелерге әдеттенеді. Таңертеңгісін оянғанда таңғы ас ішеді, ойыншықтарымен ойнайды, теледидар көреді. Оларға бір рет таңғы ас ішкені үшін сыяпат беретін болсаңыз, күнде сол нәрсені күтетін болады. Сондықтан сыяпат беретін кезде мұның анда-санда болатын бір реттік құбылыс екенін ескертіңіз.

● Балаларыңызға көмектескіңіз келетіні түсінікті жәйт, бірақ барлық нәрсесін сіз орындайтын болсаңыз бала жалқаулана бастайды. Теледидарды қосып бермеңіз, суын әкеліп бермеңіз, тіс щеткаларына тіс пастасын жағып бермеңіз. Өйткені әрдайым бұларды орындау үшін қасында болмайтын кездеріңіз де болады. Оларды өмірге дайындағыңыз келсе, жас ерекшеліктеріне қарай өз істерін өздері атқаруға дағдылансын. 

● Үйде үнемі балаңыздың жеңуіне, айтқанының болуына жол беретін болсаңыз, сыртта да жағдайдың осындай болатынына сенеді және әр жеңіліске ұшырағанында күйзеліске тап болады. Балаларымызға жеңілудің төзімділік және еңбекқорлық секілді қасиеттерді қалыптастыратындығын үйретуіміз керек.

● Балаларыңызға бас-көз болыңыз. Бірақ кішігірім келеңсіздіктерін өзі шешуге дағдыландырыңыз. Осылайша өзінің және өзгелердің жағдайын, сезімдерін жақсы түсінетін болады. Бөлісуді, әділ болуды және адамдарға тең мәміле етуді үйренеді.     

Кейбір кеңестер:

● Баланың кейбір қателіктерді жасауы қалыпты нәрсе. Дереу оны жазаландыруға асықпай, кешірімді болу керек.

●  «Сен адам болмайсың», «жалқаусың» деген секілді жазғырулар баланың өзіне деген сенімділігін азайтады және өзекті мәселелердің алдында шешім қабылдай алмауына себепші болады.

● Балалар үлкендерге өте қатты еліктейді. Сол үшін үнемі оларға жақсы үлгі болу керек.

«Бар, ана жаққа!», «Бар, далаға ойна!», «Мазамды алма!», «Әкетші мына балаңды!» деген секілді тек сол мезеттегі жеке бастың тыныштығы ойланылса, бұл құтылыс жолы емес. Өйткені сол нәрсе ертең де, оның арғы күні де қайталанады. Балаға өткіншіл емес, тұрақты сақталып қалатын жақсы тәрбие беру керек.

Ананың өнегелі тәрбиесі

Нобель сыйлығын алған математика профессорынан оқушысы сұрауда:

– Ағай, дүние жүзінде мыңдаған математика профессорлары бар. Солардың ішінен қандай қасиетіңізбен ерекшеленіп, сыйлыққа иемдендіңіз? – дегенінде, профессор бұл сұраққа жымиып барып былай дейді:

– Шындығында, бұл сыйлық үшін анама борыштармын. Бала кезімде мектептен қайтқан балаларына ата-аналары: «Балам, бүгін сабақтан неше алдың? Апайың не деді?» деп сұраушы еді. Ал менің анам болса: «Балам, бүгін апайыңа қандай жақсы сұрақ қойдың?» деп сұрайтын. Міне, өзгелерден мені ерекшелендірген қасиет те осы. Үнемі жақсы сұрақтар қоюға тырасатынмын, осылайша білмеген сұрақтарымның жауабын үйренетінмін және әлі де үйренетіндерім көп деп ойлайтынбын!» – деп жауап береді.

Жас өспірімдерді кітапқа баулу

Кітап оқу дағдысы кіші жастарда пайда болса әсерлірек, жақсырақ әрі тұрақты болады. Балалар мен жас өспірімдерді кітап оқуға дағдыландыру керек. Ал бұны қалай істеуге болады?

Балалар мен жас өспірім оқыған кезде қызығушылық танытатын комикстер, қысқа хикаялар, қызықты балалар ертегілері, сөз қазынасын арттыратын кросвордтар, жұмбақтар, балаларға арналған журналдар бұл мәселенің жауабы. Ең жақсы оқу дағдысын осы аталған туындылар қалыптастырады. Әйтпесе балаларға ғылымның өзі берілген дәріс кітаптарын және ауыр кітаптарды оқыту өте қиын. Елімізде, әсіресе қазіргі қоғамда кітап оқу дағдысының жеткіліксіз дәрежеде екенін қабыл етуге мәжбүрміз. Әлемдегі мемлекеттермен салыстырған кезде ең арттағы қатарларда қалудамыз. Теледидар мен радио сияқты құралдардан алынған білім уақытша. Көп мәлімет берілсе де, бұларды ақылда сақтау қиын. Өйткені бұл мәліметтерге иемдену үшін ешқандай еңбек жұмсалмаған. Бірақ кітап ондай емес. Белгілі еңбек жұмсалып алынған білімнің ұмыт болу ықтималы өте аз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама