Қарағандыда Спорт күніне орай Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ерекше сыйлық — жеке пәтер кілттерін алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алты спортшыға пәтер кілттері табысталды. Жаңа қоныс иелері — Дастан Мұқашбеков, Даяна Федосова, Еркебұлан Канафин, Аян Әбдіраш, Айжамол Әбдіқатова және Айда Мақатова.

Салтанатты шара Достық үйінде өтіп, онда спортшылар, жаттықтырушылар және сала ардагерлері құрметтелді.

«Бүгінде Қарағанды облысының мыңнан астам өкілі елдің ұлттық құрамаларының қатарында. Әрі қарай даму үшін біз жекелеген нысандарды салудан заманауи спорттық орта құруға және кластерлік тәсілге көшіп жатырмыз. Бұл ретте спорттың әркімге қолжетімді болуы маңызды, сондықтан инклюзивті бағытқа ерекше көңіл бөлеміз. Мақсатымыз — алғаш рет секцияға келген баладан бастап, Қазақстанды ірі жарыстарда таныстыратын спортшыға дейін барлығына жағдай жасау», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Сурдотхэквондист Аян Әбдіраш өз әсерімен бөлісті. Қазақстанның спорт шебері тхэквондомен 18 жыл айналысады. Сурдлимпиада ойындарында ол бірнеше рет үздік атанды — алтын және екі қола медаль жеңіп алды.

«Маған тхэквондо спорт түрі ретінде ұнайды. Секцияға ата-анам алып келді, қолымнан келе бастады. Қарқынды жаттықтым, осындай қолдау үшін өте ризынмын. Облыстық әкімдік пен дене шынықтыру және спорт басқармасына зор алғысымды білдіремін», — деді Аян Әбдіраш.

Спорт саласының үздік өкілдері Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Бұл жолы аты шыққан спортшылар ғана емес, олардың ата-аналары да аталып өтті. Спорт ардагерлері де құттықталып, оларға сыйлықтар табысталды.